Мәжіліс депутаты банктердің дивидент төлеуін тоқтататын құжат қабылдауды ұсынды

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы Ғалымжан  Пірматовқа  сауал жолдап, онда банктердің дивидент төлеуін тоқтататын құжат қабылдауды ұсынды.

2017 – 2021 жылдары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей нұсқауы мен қолдауы бойынша, Қазақстан Үкіметі республикадағы банк секторына орасан зор қаржылық «көмек» көрсетті. Ол көмектің аты «сауықтыру» деп аталған.

«Естеріңізге салайын: триллион теңгемен өлшенетін бұл «сауықтыру» көмегі болашақ ұрпаққа деп белгіленген Ұлттық қордың есебінен берілді. Ұлттық қордың есебінен тойынған банктер өз акционерлеріне дивидент төлеп жатыр. Миллиардтаған доллар көмек алған банктер халықтың қарызын қайтармай тұрып, неге басқаларға дивиденд төлейді? Мәселен, алдағы маусым айында «Халық банкі» өз акционерлеріне  дивиденд ретінде жарты миллиард долларға жуық ақша төлемек», деді депутат.

Депутат айтып отырған «көмекті» «Жусан банкпен» біріккен АТФ-Банк пен «Цесна банк», «Халық банк», «Евразиялық банк», Банк «Центркредит», «Нурбанк» және «РБК банкі» алған.

Депутат сонымен бірге 2017 жылдан бері тағы да мүдделі кланның команда беруімен банктердің бірін екіншісіне қосуға арналған көптеген транзакциялар жасалып, нәтижесінде бір отбасы бірнеше банкті толығымен «жұтып» қойғанын,  мұның ақыры экс-президенттің қоры мен «Жусан банкке» байланысты әлемдік шырғалаңмен аяқталғанын да тілге тиек етті.

«Дәлірек айтқанда, бұл скандал әлі біткен жоқ, ел азаматтары мен Мәжіліс депутаттары болашақта бұл афераның анық-қанығын анықтауы тиіс. Егер Журналистердің Халықаралық Зерттеу Концорциумы (ICIJ) болмағанда, біз қазақ банкін шетелдіктер иеленіп кеткенін білмес те едік. Шетелдік қожайынның ешқайсысы ақша шығарып, «Жусан банкті» сатып алған жоқ. Тіпті, «Жусан» «жұтып қойған» қазақстандық банктерді «сауықтыруға» бұл қожайындар көк тиын шығармады», деді депутат.

Сонымен бірге депутат Қазақстан «Халық банк» таза пайдасының 50 пайызын 2022 жылға дивидендтер төлеуге бағыттайтыны туралы хабарламаны негізге ала отырып, Мәжіліс депутаттарын «Халық банкі» мен ҚР Ұлттық Банкінің есебін тыңдауға шақырды. Аталмыш қаржы институттары Мәжіліс алдында есеп бермейінше, дивиденттер төлеуді тоқтататын құжат қабылдауын ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз