«Өткен қыста орын алған төтенше жағдайларға жол бермеу керек»: Смайылов ҰЭМ мен ТМРК жұмысын сынға алды
Фото: ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі
Жылу энергиясы тарифін уақтылы өзгерту жылу желілері мен ЖЭО күрделі жөндеуді дер кезінде бастауға мүмкіндік береді. Ал коммуналдық кәсіпорындар тарифті түзету және жаңғырту процесін бастау үшін қажетті құжаттаманы баяу дайындап жатыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында айтты.
«Бұл процесті созбалаңға салуға болмайды. Желілер мен станцияларды күрделі жөндеу жұмыстарын жедел бастау маңызды. Бұл – кезек күттірмейтін міндет. Әсіресе, бұл – құрылыс маусымы қысқа және жылу беру кезеңі ерте басталатын солтүстік өңірлер үшін өзекті мәселе», — деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы қалыптасқан жағдайды Ұлттық экономика министрлігі тарапынан кеткен олқылық деп атап өтті. Осыған байланысты Әлихан Смайылов ведомство басшысы Әлібек Қуантыровқа ескерту жасап, үйлестіру жұмыстарының төмен деңгейде жүргізілгені үшін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаевқа сөгіс жариялады.
«Коммуналдық қызметтердің сапасына қатысты Президенттің және халықтың тарапынан орынды сын естіп келеміз. Алдымыздағы жылыту маусымында өткен қыста орын алған төтенше жағдайларға жол бермеу керек. Сұраныс қатаң болмақ», — деді Әлихан Смайылов.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндағандай, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын енгізу арқылы республика бойынша электр, жылу, сумен жабдықтау және су тарту желілерінің тозуын орта есеппен 20%-ға төмендету жоспарланып отыр. Бұл азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға және апаттық жағдайлар санын азайтуға мүмкіндік береді.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтың мәліметінше Дүниежүзілік банк және KPMG халықаралық компаниясымен бірлесіп, республиканың 56 жылу электр станциясына техникалық аудит жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша станциялардың техникалық жай-күйі мен негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштер рейтингі жасалды. Осы айдың соңына қарай күрделі жөндеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын қамтитын кешенді есеп дайын болмақ.