Жаңалықтар

Қаңтар оқиғасы: Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 11 қызметкері сотқа тартылды

Фото: 7-su.kz

Қаңтар оқиғасына қатысты іс бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 11 қызметкері сотқа тартылды. Бұл туралы Мәжіліс отырысында ҰҚК төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев мәлімдеді.

«ҰҚК-нің 11 қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Кей іс бойынша тергеу аяқталды. Қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар ҰҚК-да қаңтар айындағы оқиғалар бойынша бірден кешенді қызметтік тергеу жүргізілді. Бұйрық талаптарына және қызмет атқару тәртібіне, оның ішінде лауазымды тұлғаларға жауапкершілік беруге елеулі өзгерістер енгізілді», – деді Қалқабаев.

Айта кетейік, Мәжілісте «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстанның арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Құжатты депутат Айгүл Құспан таныстырды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін ұлттық қауіпсіздік жүйесін түбегейлі қайта құрудың маңызын ерекше атап айтқан. Осыған байланысты біз, депутаттар ұлттық қауіпсіздік саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру аса маңызды деп есептейміз. Бұл бүгінгі геосаяси жағдайда аса өзекті екенін ескеріп, осы заң жобасына бастамашы болып отырмыз. Заң жобасында ұлттық қауіпсіздік қағидаттарының өзгеруі адам құқығы басымдығы принциптерін еш жоққа шығармайды. Керісінше, оларды Конституцияға сәйкестендіретін болады», – деді ол.

Сондай-ақ құжат ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін күштердің заманауи сынақтарға дайындығын арттыруды әрі заңнамадағы кейбір олқылықтарды жою көзделеді. Оның аясында түзетулер 2 кодекске және 11 заңға енгізіледі.

«Біріншінден, Қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарын стратегиялық объектілерге жатқызу және қорғаныс пен қауіпсіздік мұқтажы үшін тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеуге септігін тигізетін нормаларды енгізу көзделеді.
Екіншіден, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаушыны таңдау рәсімін тек конкурстық негізде және ашық жүргізу ұсынылады. Үшіншіден, қаралып отырған заң жобасында қорғаныс өнеркәсібі кешенінің кәсіпорындарында жекешеленген күннің өзінде де мемлекеттің бақылауында қалдыратын нормалар ұсынылып отыр», – Айгүл Құспан.

Сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қызметтік тәртібіне, біліктілігіне, әлеуметтік қорғалуына қатысты түзетулер ензігу көзделеді.

Еске сала кетейік, ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов 18 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.