Ресейге сауда эмбаргосы салынуы мүмкін
G7 елдері ішінара Ресейге қарсы сауда эмбаргосын салу жөнінде келісімге келді, деп хабарлайды The Moscow Times.
G7 елдері Ресейге қарсы ішінара сауда эмбаргосын енгізуге келісуге жақындап қалды. Егер эмбарго салынса, кейбір тауарлардың ерекше сезімтал санаттарына қатысты санкция күшейеді. Бұл туралы Reuters агенттігі 19-21 мамырда Хиросимада өтетін G7 саммитіне дайындық барысымен таныс дипломаттарға сілтеме жасай отырып хабарлаған.
АҚШ Батыс одақтастарынан жаңа санкция механизмін бекітуін күтеді. Егер одақтастар келісімге келсе, «ақ тізімге» енгізілген тауарларды қоспағанда, Ресейге саудаланатын кез келген экспортқа тыйым салынуы мүмкін.
Агенттіктің мәліметінше, Ақ үй тауарлардың барлық санатына сауда эмбаргосын енгізуді ұсынған. Алайда бұл ұсыныс «Жетіліктің» қолдауына ие болмаған. Содан америкалық дипломаттар белгілі бір тауар топтарына қатысты енгізуді ұсынған. Олардың тізімі келіссөз барысында анықталуы мүмкін.
«Эмбарголық тізімге ресейлік қорғаныс өнеркәсібінің өнеркәсіптік базасына қажетті өнімдер кіруі мүмкін», деп жазады Reuters агенттігі.
Сондай-ақ G7 санкцияларының жаңа пакетінде Ресейдің болашақта энергетикалық ресурстарына теріс ықпал етуі мүмін энергетика саласына қатысты қарсы шаралар қарастырылған. Бұған қоса, «Жетіліктің» бұл шешімі Ресейге қазіргі санкциялық режимді айналып өтуге көмектесетін елдер үшін ауыр тимек.
Джо Байден әкімшілігі қолдаған қатаң сауда эмбаргосына Германия қарсы болған. «Бірінші бәріне тыйым салып, артынша, «ерекше жағдайлар енгіземіз» құбылуға болмайды. Біздің ойымызша, мұндай әдіс жұмыс істемейді. Біз нақтылықты қалаймыз және қажетсіз жанама әсерлерден аулақ болғымыз келеді», деп түсіндірген өзінің қарсылығын Германия елінің дипломаты.