Азия-Тынық мұхит аймағын дамыту қаржы институттары қауымдастығының 46-шы жылдық жиналысы, сондай-ақ инфрақұрылым және ESG-жобалардағы ірі инвесторлардың халықаралық конференциясы өтті. Шараны Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) ұйымдастырды. Конференцияға әлемнің 40-тан астам елінен 240 делегат қатысты.
Конференцияда сөз сөйлеген Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік инвестицияға айырықша мән беретінін жеткізді.
«Елімізде шетелдік капиталы бар 40 мыңға жуық компания жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Қазақстан жоғары дәрежедегі кредиттік рейтингтерге ие. Ғаламдық сын-қатерлерге қарамастан, ағымдағы жылғы І-тоқсанда жалпы ішкі өнім өсімі 4,9 пайызды құрады. Елдің экономикалық тұрақтылығы халықаралық резервтермен қамтамасыз етіледі. Оның көлемі шамамен 95 млрд долларды құрайды. Біз үшін басты мақсаттардың бірі – елдің инвестициялық тартымдылығын барынша арттыру», деді Ерұлан Жамаубаев.
Министр сөзінше, Қазақстан басқа елдермен инвестицияларды қорғау және көтермелеу бойынша 50-ден астам келісім жасасты. 54 елдің инвесторлары үшін визасыз режим қолданылады.
«Оның ішінде Жапония, Малайзия, Индонезия және басқа да елдер бар. Инвестициялар туралы келісім инвесторларға 25 жылға дейінгі мерзімге заңнамалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Қазақстан шетелдік инвестициялар ағыны бойынша Орталық Азия мемлекеттері арасында өзінің көшбасшы рөлін сақтап келеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 28 млрд долларды құрады. Бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш болып саналады. Елімізде экономиканың барлық салаларында бизнес үшін үлкен мүмкіндіктер бар», деді Қаржы министрі.
Айтуынша, Үкімет инвесторлармен терең ынтымақтастық орнатуға әрдайым дайын. Ол осы іс-шара стратегиялық және өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамытуға елеулі серпін береді деді.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, Қазақстан ЕАДБ-ның құрушыларының бірі және аталған банктің қаржыландыруымен Алматыда ірі жобалар жүзеге асып жатыр.
«ЕАДБ қаржыландыруы арқасында біз Алматыда ЖЭС-2 модернизациясы, Алматы халықаралық әуежайын кеңейту және Үлкен Алматы айналма автожолын салу жобаларымен айналысып жатырмыз. Бұл жобаларға салынған жалпы инвестиция көлемі – 2,2 млрд доллар. Алматы – Қазақстанның мәдени, ғылыми, іскерлік және қаржылық орталығы. Біздің қаламызға ел ЖІӨ-сінің бестен бір бөлігі (2022 жылы – 18,5 пайыз) және мемлекет бюджетінің төрттен бірден астамы тиесілі. Шағын және орта бизнес қала экономикасының 60 пайызын құрап отыр. Республикадағы ірі банктердің 90 пайызы осында шоғырланған және 111 халықаралық ұйымдар мен компаниялар орналасқан», деп атап өтті шаһар басшысы.
Оның сөзінше, қала басшылығы алдында тұрған үлкен міндет – әлемнің түкпір-түкпірінен таланттарды, технология мен инвестицияны тарта отырып қаланы қауіпсіз және жайлы мекенге айналдыру.
«Басты басымдықтардың бірі – транспорт жүйесін, энергетикалық тиімді тұрғын үйлерді модернизациялау, коммуналдық шаруашылық желілерін жаңғырту сияқты «жасыл» жобалар мен бастамаларды жүзеге асыру. Біз алдағы уақыттағы әріптестік пен осындай жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүдделіміз», деді Ерболат Досаев.
ЕАДБ хабарлауынша, Орталық Азия елдерінің экономикасы мен өңірлік саудасының қарқынды дамуы жағдайында аймақтың инвестициялық тартымдылығы артып келеді. 20 жыл ішінде келіп түскен инвестиция көлемі 17 есе өсіп, 211 млрд долларды құрады. Қазақстан Doing Business 2020 рейтингі бойынша 190 елдің арасында 25-орынға ие болып тұр. 15 жылдың ішінде еліміз 57 позиция жоғарылаған. Қазақстан тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша өңірде лидерлікке ие (75 пайызы бізге тиесілі). Ал жалпы 30 жыл ішінде Қазақстан 370 млрд доллардан астам шетелдік инвестиция алған.
Банк дерегінше, Орталық Азия елдері алдында бірлесе отырып шешуді қажет ететін 4 құрылымдық қиындық бар. Олар – теңізге шығар мүмкіндіктің жоқтығы, қаржы секторы даму деңгейінің төмендігі, су-энергетика секторындағы сәйкессіздік және климаттың өзгеруі. Егер бұл проблемалар шешімін табар болса, онда өңірдің экономикалық потенциалы қазіргі деңгейінен әлдеқайда көтеріле түсетіні күмәнсіз. Қазір Орталық Азия елдері бар инфрақұрылымды модернизациялауға және жаңаларын құруға мұқтаж болып отыр.
«Инфрақұрылымдық секторларды (көлік, энергетика, су) дамытудағы кедергілерді жою экономикадағы өнімділікті арттыруға, көрші елдермен сауда-экономикалық серіктестікті кеңейтуге, өндіріс пен экспортты тауарлық әртараптандыруды жақсартуға мүмкіндік береді. Әсіресе транспорт секторындағы инвестиция өте маңызды. Транспорт-логистикалық шектеулерді жою өңірдің азық-түлік әлеуетін толық көлемде жүзеге асыруға жол ашады. Логистика және сақтау жүйесінің дамымауы салдарынан өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығыны 40 пайызға жетіп отыр. Бұл шектеулерді алып тастау үшін автомобиль және темір жол, теңіз порттары, шекаралық өткелдер, көтерме сауда орталықтары және агрологистика нысандары түріндегі байланыстырылған көлік инфрақұрылымының болуы қажет», делінген банк мәлімдемесінде.