Әлемдік нарықта азық-түлік бағасы арзандады

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (ФАО) мәліметі бойынша, азық-түлік бағасының индексі 2023 жылдың сәуірінде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,7%-ке төмендеген. Дегенмен өткен аймен салыстырғанда 0,6%-ке өсті деп жазады Экономикалық зерттеулер институты.

ФАО-ның қант бағасы индексі 2011 жылдың қазан айынан бастап ең жоғары деңгейге жетіп, 23%-ке өсті (наурызбен салыстырғанда +17,6%). Үндістанда, Қытайда, Таиландта және Еуропалық Одақта құрғақ ауа райының салдарынан қант өндірісінің төмендеуі индекстің өсуіне себеп болған.

Ал ет бағасының индексі 6,1%-ке төмендеген (наурызбен салыстырғанда -1,3%). Бұл Азия елдерінің импорттық сатып алуларының артуы аясында шошқа мен құс етінің қымбаттауына, сондай-ақ негізгі экспорттаушы елдерден жеткізілімдердің шектеулі болуына байланысты.

Сонымен қатар, астық бағасы индексі 19,8%-ке төмендеді (алдыңғы аймен салыстырғанда -1,7%). Австралия мен Ресейдің үлкен экспорттық ұсынысының арқасында бидайдың әлемдік бағасы төмендеді.

Жүгері бағасы Бразилияда жалғасып жатқан егін жинау науқаны жағдайында Оңтүстік Америка елдерінің ұсынысының өсуіне байланысты өткен аймен салыстырғанда 3,2% – ке төмендеді.

ФАО-ның өсімдік майы баға индексі 45,3%-ке (наурызбен салыстырғанда -1,3%), ал сүт өнімдері 15,1%-ке (өткен аймен салыстырғанда -1,7%) төмендеді. Бұл құрғақ сүтке деген әлемдік сұраныстың төмендігі және Батыс Еуропадан ірімшік жеткізілімінің артуы нәтижесінде пайда болды.

2023 жылға болжам

ФАО сонымен қатар әлемдік бидай өндірісінің 2023 жылға арналған болжамын қайта қараған. Жаңартылған болжамға сәйкес, 2023 жылы жаһандық өндіріс көлемі 785 млн.тоннаны құрайды, бұл бақылау тарихындағы екінші өндіріс рекорды болуы мүмкін, ол өз кезегінде дақыл мен басқа да өнім бағасының одан әрі төмендеуіне ықпал етеді.

Қазақстанда тұтыну бағасының индексі 2023 жылғы сәуірде 2022 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 104,2%-ды құраған. Азық-түлік тауарларға бағалар – 5%, азық-түлік емес тауарларға – 3,8%, халыққа арналған ақылы көрсетілетін қызметтерге 3,3% өсті. Өнеркәсіп өнімдеріне өндіруші кәсіпорындар бағасы 2023 жылғы сәуірде 2022 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 3,4%  төмендеді.

Қзіргі уақытта инфляцияның жылдық мәндегі көрсеткіші 16.8, оның ішінде азық-түлік 17.9 пайыз, азық-түлік емес тауарлар 18.2 пайызды құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз