Жаңалықтар

Halyk Bank таза пайдасы 1,5 есе өскен

Фото: kursiv.media

Halyk Bank-тің биыл бірінші тоқсандағы таза пайдасы 51,2%-ға өсіп, 188,2 млрд теңгені құраған. Қаржы ұйымының аудиттен өтпеген қаржы есебі Қазақстан қор биржасының сайтында жарияланды.

Есептегі ақпаратқа сәйкес, банктің бір акцияға шаққандағы тоқсандық пайдасы 17,29 теңгені құрады. былтыр ол 11,42 теңге болған. Қаржы ұйымының кірісі есепті кезеңде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50,4%-ға өсіп, 372,3 млрд теңгені құрады.

2022 жылдың басынан бері банктің активтері 1%, 14,1 трлн теңгеге дейін азайды. Клиенттерге берілген несиенің де 0,7% азайып, яғни 7,8 трлн теңгеге дейін төмендеуі байқалады. Банк міндеттемелері де 2,7%-ға азайып, 12,02 трлн теңгені құраған. Міндеттеменің азаюы клиент қаражатының 3,6%-ға, яғни 10,1 трлн теңгеге дейін кемуімен байланысты. Ал капиталы10,1%-ға өсіп, 2,1 трлн теңгеге жетті.

«2023 жылғы 31 наурызда аяқталған үш ай ішінде 2022 жылғы 31 желтоқсандағы құрылыммен салыстырғанда топ құрылымында айтарлықтай өзгерістер болған жоқ», делінген баяндамада.

Halyk Bank акцияларының 69,52%-ы «Алмэкс» компаниялар тобына тиесілі болса, ал The Bank of New York Mellon несие мекемесі 28,52% жай акцияларына иелік етеді.

«Топ басшылығы қалыптасқан экономикалық және саяси жағдайды, соның ішінде кез келген санкциялық тәуекелдерді бақылап отырады және жақын болашақта топ бизнесінің тұрақтылығы мен дамуын қолдау үшін қажет шараларды қолға алады. Дегенмен, өткен оқиғалардың салдары және олармен байланысты болашақ өзгерістер Топтың қызметіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін», – делінген баяндамада.

Ірі банк акцияларының құны өткен айдың соңында 14%-ға өсіп, 156 теңгеге жетті. Оған қаржы ұйымының өткен жыл үшін бір жай акцияға 25,38 теңге көлемінде дивиденд төлей алатыны туралы жаңалық әсер еткен. Бұдан шығатыны, Халық банкі таза пайдасының тең жарымын дивиденд төлеуге бағыттай алады.