Қордағы алтынды сату қаншалықты пайдалы?

Жарияланды

Фото: kursiv.mediа

Биыл ақпан айында ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова келесі деректерді келтірді: 2022 жылы еліміздің бас банкі сыртқы нарыққа 120 тоннаға жуық алтын сатқан.  Бұл ұлттық қорға 7 миллиард доллар әкелген. Осы сауда нәтижесінде алтын резервтік қордағы алтынның үлесі 68 пайыздан 58 пайызға дейін қысқарған. Бас банк өкілінің айтуынша алдағы уақытта бұл межені 50-55 пайызға дейін жеткізу көзделіп отырған көрінеді. Жалпы алғанда Ұлттық қордағы алттынның үлесін азайту резервткі портфел үшін қаншалықты тиімді? Бұл туралы сарапшылардың пікірі де әржақты болып отыр.  

Ұлттық қордан алтын үлесі азаймағаны дұрыс

 Мәселен, белгілі экономист Мақсат Халық бас банктің алтынға қатысты соңғы шешімін соншалықты бір оң шешім деп қабылдамайтынын айтады. Оның пікірінше, ұлттық қорда алтынның үлесі неғұрлым көбірек болғаны дұрыс көрінеді.   

 «Ұлттық банктің алтын қорының  мөлшерін қысқартуға қатысты ұстанымына байланысты айтар болсам, бұл қадамды сарапшы ретінде онша құптай қоймаймын. Меніңше  резервтегі алтынымыз неғұрлым көп болғаны дұрыс. Себебі, қордағы  алтыннның үлесі үлкен болуы, елдің қандай да бір сыртқы факторларға, сырттан келетін кризистерге төтеп беру қабілеттінің жоғары екендігін көрсететін бірден-бір дәлел. Сонымен қатар өзге шетелдерден қарыз алу кезінде де, елдің инвестициялық рейтингі есептеледі.Сол кезде де қорлағы алтынның мөлшері  айтарлықтай  өз септігін тигізеді. Сондықтан алтын қорының үлесі көбірек бола бергені  жақсы»,-дейді экономист-сарапшы М. Халық.

 Оның айтуынша, соңғы бір айдың өзінде алтын бағасының 15 пайызға қымбаттауы да біраз нәрсені аңғартады. Бұл әлемдік инвесторлар алтынға көбірек инвестиция жасай бастады деген сөз. Алтын бағасы алдағы уақытта да өсе түсуі әбден мүмкін. Осы тұрғыда Ұлттық банк алтын қорынан айрылмағаны дұрыс. Керісінше валюталық резервтегі үлесін көбейте түсуге әрекет жасағаны абзал.

Қымбат болып тұрғанда сатқан дұрыс

 Осы пікірге қатысты белгілі экономист – сарапшы Алдияр Саматовтың да өз айтары бар. Оның айтуынша керісінше осындай ұрымтал тұста алтынды сатудың еш сөкеттігі жоқ. Сонымен қатар алтын саудасында алдғы уақытта ресейге қатысты орын алуы мүмкін жағдайдың алдын орап кетуіміз керекпіз.  

«Соңғы мәліметтер бойынша қазір әлемдік нарықта алтын бағасы біршама қымбат болып тұр. Сондықтан бізге осы мүмкіндікті пайдаланып алтын сату тиімді деп ойлаймын. Осы тұрғыда Ұлттық банктің өткен жылы 120 тонна алтынды сатқандығы дұрыс қадам деп санаймын. Оның екінші себебі бар. Соңғы кезде көршіміз Ресейде түрлі санкциялардың кесірінен бюджет тапшылығы ұлғайып келе жатыр. Осыған қатысты алдағы уақытта солтүстіктегі көршіміз көп мөлшерде алтын сата бастайды деген болжам бар. Ондай жағдайда нарықтағы алтын бағасы арзандайтыны анық. Сондықтан резервтік қорында алтын үлесі мол біз секілді елге осы кезеңді сәтті пайдаланып қалғанымыз жөн», -дейді сарапшы Алдияр Нұрболатұлы.

Тұрақты валютаға ауыстырып қойған да жөн

Сарапшылар қауымы арасында алтынды қоймада қымбат метал күйінде  сақтау дұрыс па?,  әлде белгілі бір бөлігін  доллар сияқты құнын жоғалтпайтын валютаға ауыстырып қойған жөн бе?,-деген мәселе де пікір екіге жарылады. Тіпті кейбір сарапшылар көптеген қуатты елдер соңғы кезде алтын сатып алуға мықтап ден қоя бастағанын алға тартады. Бізге пікір берген сарапшымыз бұл ақпарат шындыққа жанаса қоймайды дегенді айтты. Оның айутынша аталған елдерде керісінше алтыннан гөрі бағалы қағазға деген қызығушылық артқан көрінеді.

«Соңғы кезде  көрші Қытай, Түркия, Иран, Біріккен араб әмірліктері сынды кейбір елдер алтынды көптеп сатып ала бастады. Ал, біз тек ғана сатудамыз. Бұл жағынан минусқа кетіп жатырмыз»,- деген сияқты даурықпа  пікірлер айтылып жүр. Бұл меніңше жалған ақпарат. Себебі сол елдердің зкономикалық статистикасына қарасақ, оларда алтынға қарағанда бағалы қағаздарды сатып алу үлесі айтарлықтай жоғары екенін көреміз. Сонымен қатар бүгінгі таңда АҚШ-тағы базалық мөлшерлеменің  өсуіне байланысты, құнды қағаздардың да бағаысбіршама өсіп отырғанын да ескеру керекпіз. Сондықтан қазіргі уақытта алтынды сақтап отырғаннан гөрі түрлі қымбат облиғацияларды сатып алу біз үшін тиімдірек болады деп санаймын»,-дейді сарапшы А. Саматов.

 Осыған қатысты белгілі экономист Мақсат Халық та  қордағы алтынның бір бөлігін доллар сияқты тұрақты валюта түріне ауыстырып отырудың пайдалы жағы бар екенін де жоққа шығармады. Ол бұлай жасау экономикада қалыптасқан үрдіс екенін айтады.  

  «Алтын резерв қорының біраз бөлігін алтынмен біраз бөлігін шетел валютасымен сақтау бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Ал долларға ауыстырып отырудың артықшылығы валюта нарығында аяқ астынан  күтпеген жағдай орын алып, салдарынан теңгеміз құлдырай қалса интервенция жасау үшін дайын доллар керек болады.  Ал, барлығын бірдей алтынмен ұстап отырсақ,  жоғарыдағыдай жағдай орын алғанда алтынды валютаға ауыстыру мәселесі біраз уақытты алары сөзсіз. Бұның салдарынан қоғамдағы қаржылық дүрбелеңді басу кезінде уақыт жоғалтып аламыз»,-деп атап өтті Халықаралық бизнес университетінің аға оқытушысы М. Халық.

Қаражатты сақтаудың ұтымды жолы алтындандыру

  Сарапшылардың соңғы кезде жиі айтып жүрген тақырбының бірі рецессия қаупі. Соған қатысты көптеген ірі инвесторлардың өзі қаржысын түрлі жобаларға салудан гөрі жинақ ретінде ұстауды жөн көре бастаған.   Сарапшының пікірінше бұл тұста алтынан артық таңдау жоқ.   

«Қазір әлемде рецессия қаупі байқалады. Оған қоса соңғы кезде АҚШ-тағы бірқатар банктердің банкрот болуы валюта нарығында біраз қобалжуды тудырып отырғаны рас.   Осының салдарынан қазір көптеген инвесторлар белгілі бір жобаларға инвестиция салудан гөрі жинаққа қарай көшті. Олар үшін қаражаттарын сақтауда ең ұтымды жол алтындандыру. Инвестиция салса да алтынға салуға көңіл бөледі. Өйткені тарихтан белгілі алтын деген зат қанша заман өзгерсе де өзінің құндылығын сақтап келе жатқан бірден-бір құрал деп бағаланады»,-деп пікірін түйіндеді Progente экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі Мақсат Халық.   

  Осы пікірді екінші сарапшымыз да қолдап отыр.  Оның сөзінше Ұлттық банктің алтынның бір бөлігін сату қадамы валюталық резервті әртараптандыру үшін жасалған. 

«Жалпы алғанда бұл жердегі Ұлттық банктің аталған қадамын дұрыс деп санаймын. Меніңше валюталық резерв қорын диверсификация жасап отырағаны құптарлық іс. Себебі алтын негізі метал күйінде сақталып тұрса құны бірде жоғарыласа,  енді бір кездерде керісінше түсіп кетіп отырады»,-деп түйіндеді өз ойын экономист-сарапшымыз Алдияр Саматов.

                                                     

Сондай-ақ оқыңыз