
Ресей газы Қазақстан арқылы Қытайға тасымалданады. ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев осы мақсатта үш ел арасында халықаралық газ құбырын салу шарттары қарастырылып жатқанын, сондай-ақ оның бағыты айқындалып қойғанын айтты.
«Ресейден Қазақстанның солтүстік аумағы арқылы ҚХР-ға газ құбырын тарту мәселесі талқылануда. Бағыт алдын ала белгіленді, қазіргі таңда газ құбырын салудың шарттары талқыланып жатыр», деді Сәтқалиев журналистерге.
2023 жылдың ақпанында Энергетика министрлігінің бұрынғы басшысы Болат Ақшолақов «QazaqGaz»-дың «Газпроммен» бірлесіп, Ресей – Қазақстан – Қытай халықаралық газ құбырының құрылысын салуға қатысты алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу қарастырылып жатқанын хабарлаған болатын. Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бұл газ құбыры Қазақстанның Қостанай – Астана – Павлодар – Семей – Өскемен қалалары арқылы өтеді.