Жаңалықтар

Тоқаев өрт сөндіруші Арслан Құрманбековты қайтыс болғаннан кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады

Фото: massaget.kz

Алматылық өрт сөндіруші-құтқарушы Арслан Құрманбеков қайтыс болғаннан кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Тиісті жарлыққа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқаруда көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Арслан Жолдасбекұлы Құрманбеков ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды (марқұм)«, делінген жарлықта.

Азаматтық қорғаныс сержанты Арслан Құрманбеков 1994 жылы 23 тамызда Алматы облысы Талғар ауданы Талғар қаласында дүниеге келген.

Арслан Құрманбеков Іле-Алатау табиғи паркінің тау бөктеріндегі өртті сөндірген жедел топтың құрамында қызметтік борышын атқара жүріп, қайғылы жағдайда қаза тапты.

2023 жылғы 7 мамыр түнде Медеу ауданы, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің филиалы, Кіші Алматы орманшылығының тау баурайында өрт шыққан.