«Заңда қарастырылмаған»: Ажар Ғиният МӘМС қаржысына қатысты депутат сынына жауап берді
Фото: Kursiv.media
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорына аударылған қаржы қазақстандықтарға қайтарылмайды. Себебі оны қайтару тетігі заңда қарастырылмаған Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты.
Кеше мәжілістің жалпы отырысында депутат Асхат Рахымжанов медициналық ұйымдарға жүгінбеген қазақстандықтарға МӘМС қорына төленетін төлем жалпы сомасының 50%-ын өтеуді ұсынған.
Бүгін министр бұл мәселеге пікір білдірді.
«Заңда бұл жүйе (МӘМС) әлеуметтік және ынтымақтастық арқылы жасалғаны көрсетілген. Сондықтан ол жердегі қаражат қайтарылмайды. Орташа жалақыдан 100 мың теңге жиналған жағдайда биыл адам ауырмай, оған 50 мың теңге қайтарылса ,келесі жылы оған млн аса теңге көлемінде медициналық көмек керек болуы мүмкін. Сондықтан бұл көмекті барлығына көрсету үшін қаржы қайтарылмайды. Заң бойынша қаржыны қайтарып беру мүмкін емес», – деді Ажар Ғиният Үкімет отырысынан кейін.
Министрдің пікірінше, МӘМС жүйесі қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуға оң әсер еткен.
«Мысалы, коронарографияны, миокард инфарктісі кезіндегі жіті коронарлық синдром дертін алайық. Оны емдеу құны – 1,2-1,5 млн теңге. Сондықтан бұл жүйе бастапқыда «дені сау адамдар науқастар үшін, байлар кедейлер үшін төлейтін ынтымақты жүйе» ретінде құрылған», – деді министр.