Жыл басталғалы республикалық бюджетке 4 трлн теңге кіріс түсті

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Үкіметте 2023 жылдың қаңтар-сәуір арасындағы республикалық бюджеттің атқарылуы талқыланды. Премьер-министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, осы аралықта мемлекеттік бюджетке 6,1 трлн теңге сомасында кіріс түскен.

Республикалық бюджетке 4 трлн теңге кіріс түскен.

«Жоспар 92,3%-ға орындалды. Атқарылмаған бөлігі 336 млрд теңгені құрады. Салықтар бойынша жоспардың 369 млрд теңгеге орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығының, шикі мұнайға экспорттық кедендік баждың және қосымша құн салығының есебінен қалыптасты», – деді Жамаубаев.

Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспар 258 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының былтырмен салыстырғанда 33%-ке немесе 86 млрд теңгеге азаюына байланысты орындалмаған.

«Сондай-ақ оған негізгі экспорт тауарлары бағасының орташа 12% төмендеуі әсер етті. Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорт кедендік баждың нақты қалыптасқан ставкасының болжамды көрсеткішінен 14,7%-ға төмендеуіне байланысты болды», – деді министр.

Қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауының себептері:

  • тауар, жұмыс және қызметтерді өткізу бойынша айналым сомасының 13% азаюы;
  • қосылған құн салығы бойынша қайтарымының 37% артуы;
  • Еуразиялық экономикалық кеңес елдерімен импорт көлемінің 7% азаюы.

Ал жергілікті бюджет кірісі 140%-ға атқарылды және 2,1 трлн теңгені құрады.

«Жоспар 607 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша – 565 млрд.теңгеге асыра орындалды», – деді Қаржы министрі.

Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, жергілікті бюджет шығысы 3,3 трлн теңгені құрады. Сондай-ақ 47 млрд теңге атқарылмаған.

«Ағымдағы жылы өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 мамырға 473 млрд теңге бөлінген. Оның 97%-і игерілген. Игерілмегені – 14 млрд теңге. Астана және Алматы қалалары, Атырау және Түркістан облыстары игермеген», – деді министр.

Сондай-ақ оқыңыз