Жаңалықтар

2025 жылдан бастап ірі кәсіпорындар ауаны ластамауға ықпал ететін технологияға көшуі тиіс

Фото: Kursiv.media

Елімізде ауаны ластау жөнінен І категорияға енетін компаниялар 2024 жылдан бастап кешенді экологиялық шешімдерді қолдана бастайтын болады. Бұл туралы Душанбеде өтіп жатқан «Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі жөніндегі конференция-2023» кулуарында Экологиялық саясат және тұрақты даму департаменті директоры Ақзан Ширанов мәлімдеді.

«Қазақстандық компаниялар 2025  жылдан бастап, шығарындыларды реттеу үшін жаңа технологияны қолдануға міндеттеледі. Ол талап Экологиялық кодексте қарастырылған. Мұндай технологияны қолданбаған компаниялар қоршаған ортаны ластағаны үшін 2, 4 және 8 есе көп эмиссия төлейтін болады», деді ол.

Оның дерегінше, алдыңғы қатарлы және еуропалық стандарттарға сай мұндай технология өте қымбат тұрады. Сондықтан, оны енгізу үшін компанияларға арнайы уақыт берілген.

«Компанияларға дәл қазір осы технологияға өтіңдер деп талап қоя алмаймыз. Өйткені, ол айналып келгенле компаниялар ұсынатын қызметтің тарифіне ықпал етеді, яғни мұндай талаптан қарапайым азаматтардың қалтасына салмақ түсуі мүмкін. Сондықтан, кешенді түрде жұмыс жүргізілуі керек», деді ол.

Ақсан Ширановтың дерегінше, қазір Экология министрлігі кәсіпорындардың қоршаған ортаға тигізетін залалын азайтуға ықпал ететін жаңа технологияның анықтамасын әзірлеп жатыр.

Жалпы елімізде ауа сапасын өлшеуге байланысты арнайы индекс қолданылады. Елдегі қалалардың ауа сапасын әдетте Қазгидромет бақылап отырады. Дегенмен, Экологиялық саясат және тұрақты даму департаменті директоры Ақзан Ширановтың айтуынша, ол көрсеткіш шынайы жағдайды көрсете бермейді.

«Бұл әдістеме посткеңестік елдерде қолданылады. Алайда, атай кету керек, бұл бағалау әдістемесі біршама ескірді. Ол шынайы жағдайды үнемі көрсете бермейді» деді ол.

Айтуынша, жаңа индекс қолданыстағы әдістемеден біршама өзгеше.

«Онда ауаға тараған зиянды заттардың көлемі ғана емес, оның қанша уақыт аралығында адам денсаулығына зиянды әсері бары есептеледі. Өйткені, зиянды шығарындылардың арасында адам денсаулығына бір сағат ішінде ықпал ететіні бар, кейбіреулері бір тәулік ішінде әсер етуі мүмкін. Біз осы бағалау әдістемесіне көшкіміз келеді. Дегенмен ескеру керек, бұл бағалау әдістемесіне бірден көшу мүмкін емес, біртіндеп көшу керек», деді спикер.

Оның дерегінше, Қытай қазір осы әдістемеге көшуді қолға алған, ол процесс алдағы 50 жылда аяқталмақ.  Ондағы мақсат кәсіпорындар мен қарапайым адамдарға анағұрлым таза энергия көздеріне өтуге мүмкіндік беру.

Душанбеде өтіп жатқан «Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі жөніндегі конференция-2023» жиынына Орталық Азия мемлекеттерінің құзырлы орган өкілдері, халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысып жатыр.

Конференцияны Дүниежүізілік банктің қолдауымен Орталық Азиядағы Аймақтық экологиялық орталық және Тәжікстан Үкіметі бірлесіп ұйымдастырған.

Жиынның мақсаты – Орталық Азия елдерінің Париж келісімінің климаттық міндеттемелерін орындауындағы кемшіліктері мен туындаған қиындықтарды саралау. Сонымен қатар, аймақтағы су, энергетика, экология, азық-түлік тұрақтылығын арттыру мен аймақтық ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыру. Өйткені, конференцияны ұйымдастырушылардың пайымдауынша, Орталық Азия жағдайында климаттың өзгеруінен туындаған, проблемалар мен оған бейімделу тек аймақтық ынтымақтастық негізінде ғана іске асады.