Жаңалықтар

Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысына қатысты тергеу басталды

Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаеваға қатысты тергеу амалдары басталды, деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің баспасөз қызметі.

«Сотқа дейінгі тергеу басталғанын растаймыз. Тергеу амалдары жалғасуда. Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201 бабына сәйкес басқа мәліметтер таратылмайды», деп жауап берді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің баспасөз қызметі.  

Қожабаева Әлия Төлеутайқызы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін «экономист-менеджер» мамандығы бойынша тәмамдап, Заң институтында «заңгер» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алған.

Ол Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының «заңтану магистрі». Оның Гуманитарлық-техникалық академиясын «экономика ғылымдарының магистрі» және Швейцария бизнес және халықаралық қатынастар университетін (UBIS-University of business and international studies) «Іскерлік әкімшілік докторы» ғылыми дәрежелері бар. 2002 жылдан бері түрлі деңгейде мемлекеттік қызметтер атқарған.

Ал 2020 жылдың ақпан айынан бастап, тергеуге алынғанға дейін Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына басшылық еткен.