Биыл жаз ыстық және құрғақ болады – Қазгидромет

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Биыл жаз ыстық және құрғақ болады. Жауын-шашын аз түседі. Песпубликаның басым бөлігінде температуралық фон нормадан жоғары, тек солтүстік аймақтарда норма шамасында күтіледі. Бұл туралы Қазгидромет хабарлады.

«Республиканың солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс жартысында фронтальды бөліктердің өтуімен және Солтүстік теңіз ауданынан келетін суықтың әсерінен ауа температурасы күндіз +30+38°С-ден +15+20°С-ге дейін ауытқуы мүмкін, ал еліміздің оңтүстік-батыс жартысында жекелеген күндері термометр бағаны +40+45°С-ге дейін жоғарылайды деп болжанады. Ыстық күндер нөсер жаңбырлы қатты желмен, найзағайлы салқын күндермен ауысып отырады», делінген хабарламада.

Жаздың алғашқы айы – маусым республиканың басым бөлігінде ыстық болмақ, орташа ауа температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1-2° жоғары, еліміздің солтүстігінде, солтүстік-шығысында, шығысында және оңтүстік-шығысында норма шамасында болжанады

Шілде – жаздың ортасы, республиканың басым бөлігінде орташа ауа температурасы норма шамасында, Казақстанның оңтүстік аймақтарында нормадан 1° жоғары күтіледі.

Жаздың соңғы айы – тамыз еліміздің басым бөлігінде ыстық болады деп күтіледі, орташа ауа температурасы нормадан 1-2° жоғары, тек республиканың солтүстік-батыс жартысында норма шамасында болжанады

Жауын-шашынға келетін болсақ, жалпы республиканың басым аймақтарында жазда жауын-шашын аз түседі.

Сондай-ақ оқыңыз