Көше, ауыл, қала атауын өзгертер кезде халық пікірі ескеріледі

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау және транскрипциясын нақтылауда халық пікірі ескеріледі. Нақтырақ айтқанда, енді қала мен ауыл, көше атауларын өзгертуді жергілікті халық өзі шеше алады. «Ашық НҚА» порталында Мәдениет және спорт министрінің осыған қатысты бұйрығы талқыланып жатыр.

Атауларды өзгертуге қатысты қағидалары «Қазақстан Республикасының әкімшілік аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-1-бабы 1-тармағына сәйкес әзірленген.

«Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау және өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидалары бекітілсін», делінген құжатта.

Бұл құжатқа сәйкес ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге, қаладағы аудандарға, қалаларға, аудандарға, облыстарға, шағын аудандарға, алаңдарға, даңғылдарға, бульварларға, көшелерге, тұйық көшелерге, саябақтарға, скверлерге, көпірлерге және елді мекендердің басқа да құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау және транскрипциясын нақтылау кезінде тиісті аумақтағы халықтың пікірі ескеріледі.

Яғни қандай да бір атауды өзгертпес бұрын, жергілікті атқарушы органдар қоғамдық жиналыс өткізеді. Ал республикалық және облыстық маңызы бар қалаларға, қаладағы аудандарға, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру кезінде аумақ халқының пікірін ескеру үшін қажетті материалдар тиісті мәслихаттардың қарауына енгізіледі. Содан кейін ғана Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті ономастика комиссияларының қарауына ұсынылады.

Сондай-ақ оқыңыз