Мектеп бітірушілердің 74 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырады
Биыл мектеп бітірушілердің 74 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) мемлекеттік тілде тапсырады. Бұл туралы «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының басшысы Болат Жәмішев мәлімдеді.
«Нақты деректерге сүйенсек, биыл мектеп бітірушілердің 74 пайызы ҰБТ тапсыру үшін қазақ тілін таңдаған. Алдағы 20 жылдың ішінде қазақ тілін таңдаған 74% жастардың осы бөлмеде, осы үстелде отырары анық. Елімізге қатысты шешімдерді солар қабылдайтын болады. Ал 20 жылдан кейін мектеп бітірушілердің 94 пайызы ҰБТ тапсыру үшін қазақ тілін таңдайтынына сенімдімін», – деді Жәмішев Астанада өткен брифингте.
Ол осы жылы ҰБТ тапсыруда түлектердің 74 пайызының мемлекеттік тілді таңдауын өте жақсы көрсеткіш деп бағалады.
17 мамырда Астанада «Қазақстан халқына» қоры «Білімді ұрпақ – білімді ел» атты танымдық конференциясын өткізді. Жиында қордың алдағы уақытта білім беру саласына қатысты бес жобаны жүзеге асыратындығы туралы айтылды. Оған 37,5 млрд теңге жұмсауды жоспарлап отыр.
Биылғы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша «Қазақстан халқына» қорына155 млрд теңгеден астам қаражат түскен. Ал осы жылы ұйым 177 млрд теңгеге көмек көрсетуді жоспарлаған. Бұл мақсаттарға арлналған қаражаттың қалған сомасы «Самұрық-Қазына» қоры мен басқа да донорлардан түседі деп күтіліп отыр.
Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді. Елімізде ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау 28 сәуірде басталып, 14 мамырға дейін жалғасты.