Қазақстан кейбір тыңайтқыштарды экспорттауға шектеу енгізбек
Фото: shutterstock.com
Ел үкіметі фермерлерге аса қажет аммоний нитраты және аммофо тыңайтқыштарының экспортын қатаң бақыламақ. Текек өндірушілер ғана экспорттай алатын тыңайтқыш түрлері тізбесі бекітілді. Бұл шара осы өнімді ел аумағынан шығаруға тосқауыл қою және отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау мақсатында қабылданып отыр.
«Ішкі нарықты, әсіресе, көктемгі егіс маусымы кезінде осы тыңайтқыштармен қамтамасыз ету маңызды, бұл мақсатта Үкімет олардың құнын 50% көлемінде субсидиялайды. Сонымен бірге бағаның төмендігін алыпсатарлар да пайдаланып кетіп жатыр. Осылайша, кеден органдары елімізде субсидияланатын тыңайтқыштарды өндірушілерден бөлек нарық субъектілері экспорттаған фактілерді де тіркеуде. Бұл отандық аграрийлердің сұранысын қамтамасыз етуге кері әсер етеді», делінген хабарламама
Сондықтан Үкімет тыңайтқыштардың осы түрлерін тек оларды өндірушілерге ғана экспорттауға айрықша құқық беру туралы шешім қабылдады. Отандық аграрийлердің тыңайтқыштарға деген сұранысы өңір әкімдіктерінің өтінімдеріне сәйкес басым тәртіппен қамтамасыз етілмек.
Айта кету керек, қабылданған қаулы негізінде заңда белгіленген мерзімде тиісті лицензиялар беру тәртібін реттейтін бірқатар нормативтік-құқықтық актілер әзірленетін болады. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму комитеті лицензия берумен айналыспақ.