Қазақстан мен Мексика арасындағы сауда көлемі 2023 жылдың бірінші тоқсанында 189,9 млн долларға жеткен
Фото: kursiv.media
Қазақстанның сыртқы нарығында жаңа серіктес пайда болды. Ол – Мексика елі. 2023 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан мен Мексика арасындағы сауда көлемі 189,9 млн долларға жеткен.
Бұл көрсеткіш өткен жылдың қаңтар-наурыз айларындағы көлеммен салыстырғанда 4,4 есе көп. 2022 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан мен Мексика арасындағы сауда айналымы 43,5 млн долларды құраған. Ал биылғы жылдың бірінші тоқсанында сауда көлемі 171,1 миллион долларды құрап, 2021 жылғы жалпы көлемнен де асып түскен.
Биылғы жылдың алғашқы айларында сауданың артқаны сонша, 2022 жылдың 12 айлық көлемді бірінші тоқсанда-ақ игерген. Өткен жылы шалғайдағы елмен арадағы сауда 192,9 миллион долларға жеткен.
Еліміздің Грузиямен арадағы сауда айнылымы – 157,2 миллион доллар, Әзірбайжанмен -124,2 миллион доллар және Иранмен – 98,7 миллион долларды құрайды. Бұл елдермен салыстырғанда, Мексикамен арадағы сауда көлемі әлдеқайда артқан.
Көп жағдайда Қазақстан алыс орналасқан елдерге шикізат, оның ішінде мұнай сатады. Бір қызығы, Қазақстан Мексикаға айтарлықтай ештеңе экспорттамайтын болып шықты. Мәселен, 2023 жылдың 3 айын алып қарасақ, экспорт көлемі небары 0,3 миллион доллар ғана.
Бұл екі ел арасындағы сауда айналымы тек импорттан тұратынын көрсетеді. Қазақстан Мексикаға көрші ел Қырғызстаннан екі есе көп қаражат жұмсайды екен. Қырғыз елімен арадағы сауда көлемі 101 миллион доллар.
Қазақстан бұл елден не алуы мүмкін, дерсіз. Біздің ел бұл елден шикізат тасымалдайды екен. Атап айтқанда, қорғасын рудалары мен концентраттар алады. Осы жылдың алғашқы 3 айында 142 миллион долларға 12,2 мың тонна шикізат сатып алынған.
Сонымен бірге компьютерлік технология және оның құрамдас бөліктерін, серверлік жабдықтарды сатып аламыз. Оның жалпы құны 11,9 млн доллар болған.
Мексикадан келетін импорт бойынша үшінші орында электр қозғалтқыштары мен генераторлар тұр. Ондағы сауда көлемі 7,8 млн долларды құрайды. Бұл орайда көрсеткіштер Қытай (5,1 миллион доллар) мен АҚШ-тан (7,1 миллион доллар) да көп.
Қазіргі таңда Мексика Қазақстанға қорғасын рудалары мен концентраттарды жеткізетін негізгі мемлекет саналады.