Украинадағы соғыс қазақстандықтардың 70 пайызын алаңдатады – сауалнама
Соғыс басталғалы қазақстандықтардың үштен бірінің Ресейге көзқарасы нашарлап, Ресей Қазақстанға басып кіруі мүмкін деп қауіптенетіндер екі есе көбейген. Украинадағы жағдай азаматтардың 70,7%-ін алаңдатады. Тек 24%-не ғана геосаяси жағдай қызық емес. «Қазақстандықтардың Украинадағы соғысқа көзқарасы» тақырыбындағы кезекті сауалнама нәтижесі осындай.
2023 жылдың 3-12 мамары аралығында DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жасау бюросы PaperLab зерттеу орталығымен бірлесіп сауалнама жүргізген. Оған 1100 респондент қатысып, басым бөлігі қазақ тілінде жауап берген.
Сауалнама бұған дейінгі зерттеуден 6 ай өткеннен кейін дәл сондай тәсілмен өткізілді. Бұл зерттеу нәтижелерін салыстырып, уақыт өте келе деректер қалай өзгергенін талдауға мүмкіндік береді.
DEMOSCOPE зерттеуі бұған дейінгі сауалнамадан алты ай өтсе де азаматтардың Украинадағы соғысқа көзқарасы айтарлықтай өзгермегенін көрсетті. Дегенмен халықтың Ресейге деген жағымсыз ойы өзгергені байқалады. Қазақстандықтардың 15%-і Ресей Қазақстанға шабуыл жасауы мүмкін деп ойлайды. Бұл 2022 жылдың қарашасындағы көрсеткіштен екі есе көп. Ол кезде сауалнамаға қатысқандардың 8,3%-i ғана бұлай болуы мүмкін екеніне сенетін.
Респонденттердің 23,3%-і белгілі бір жағдайларда ғана шабуыл жасауы мүмкін деп есептейді. Бұған дейінгі сауалнамада 19%-і ғана осылай жауап берген еді. Ал 61,8%-і, керісінше, мұндай болжам мүмкін емес деп санайды. Былтыр бұл көрсеткіш 72,7% болған.
Сондай-ақ сауалнамаға қатысқандарға Украинадағы соғыс басталғалы олардың Ресейге деген көзқарасы өзгерді ме, өзгерсе – жақсарды ма әлде нашарлады ма деген сұрақ қойылды. Азаматтардың жартысының (51,5%) Ресейге көзқарасы қаз-қалпында. Азаматтардың үштен бірінің (32,6%) Ресей туралы пікірі нашарлаған. Сауалнамаға қатысқандардың тек 4,7%-і ғана соғыс басталғалы Ресейге көзқарасы жақсарғанын айтты. 18-29 жас аралығындағы респонденттердің 0,7%-не ғана Ресей ұнайды. 40-59 жас аралығындағылардың ішінде мұндайлар 5% болса, 60 жастан асқан азаматтардың 10,8%-і Ресей туралы пікірі жақсарғанын айтты.
Қоғамдық пікірдің маңызды көрсеткіші – қақтығыс тараптарын қолдау дәрежесі.
DEMOSCOPE нәтижесі бойынша, қазақстандықтардың 21,1%-і Украинаны қолдайды, ал 12,8% азамат Ресейдің жағында. Азаматтардың 59,8%-і – бейтарап.
Жас бойынша бөлгенде Ресейді қолдайтындардың көбі, яғни 22,9%-і 60 жастан асқандар екенін айта кеткен жөн. Бұл басқа жас санатына қарағанда екі есе артық. Сондай-ақ осы жастағы азаматтар Украинадағы соғыс туралы ақпаратты теледидар арқылы алғанды жөн көреді.
DEMOSCOPE сауалнамасы қоғамның Украинадағы жағдайға қызығушылығы жоғары екенін анықтады. Дегенмен, былтырғы жылмен салыстырғанда азайған. Сауалнама қатысушыларының 53%-і оқиғаны бақылап отырады (2022 жылдың қарашасында бұл көрсеткіш 61,9% болған). Азаматтардың 13,2%-і Украина туралы жаңалықтарды күнделікті бақылап отырса, 39,8%-і ара-тұра қарайды. 47,1%-і мүлдем қарамайды деуге болады.
алнамада осы сұраққа жауап беруге қиналған адамдар бұл жолы азайған (44,7%-тен 39,7%-ке).
Соғыс қалай аяқталады деген сұраққа қатысты респонденттердің пікірі екіге бөлінді: 10%-і Ресей жеңеді деп ойласа, 8,9%-і Украина жеңетініне сенеді. Ымыраға келеді деген нұсқаны сауалнамаға қатысушылардың 54%-і таңдаған. Ал 27,1%-і соғыс немен аяқталатынын ойламаған. Былтырғы жылдың көрсеткіштері де осыған ұқсас болды, ол кезде Украина жеңетініне тек 7,5% респондент сенген.
Соғыс деген ұғымды айтқанда, қақтығыс тараптарының көшбасшыларына қазақстандықтардың көзқарасы қандай екенін білу де маңызды. Сауалнама тұлға ретінде В.Путинге де, В.Зеленскийге де азаматтардың көзқарасы әртүрлі екенін көрсетті. Респонденттердің 26,5%-і бұл саясаткерлер ұнайды десе, сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі бейтарап пікірде екенін айтқан. РФ президентіне деген жағымсыз көзқарас («ұнамайды» – 32%) Украина президентіне («ұнамайды» – 26%) қарағанда көп екені байқалады.