Харассмент мәселесі Қылмыстық кодекске енуі мүмкін бе?

Жарияланды
В Казахстане не исключают введения статьи за харрасмент

Фото: kursiv.media

Қазақстанда Қылмыстық кодекске, Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық-атқару кодекстеріне өзгерістер енгізіледі. Бірақ қазіргі түзетулерде харассментке қатысты бап жоқ. Мәжілістен кейін журналистерге Әділет вице-министрі Алма Мұқанова түзетулер соңғы нұсқаға енгізілуі мүмкін екенін айтты.

Оның айтуынша, Әділет министрлігіне Қылмыстық кодекске харассмент нормасын енгізу туралы ұсыныс түспеген. Мұндай бастаманы Еңбекті қорғау басқармасының мамандары көтерген.

«Заң жобасында ондай норма жоқ, бірақ бұл ретте Әділет министрлігіне еңбек саласының мамандарынан Қылмыстық кодекске норма енгізу туралы ұсыныс түскен. Бұл мәселеге қатысты біраз қиындықтар бар. Сондықтан бұл тақырып алдағы уақытта біраз зерттеледі», деді Мұқанова.

Ол сонымен бірге Әділет министрлігінің кез-келген ұсынысты Кодекске енгізе бермейтінін, ең алдымен ол тақырып толық зерттеліп, зерделенуі қажет екенін айтты. Барлық ұсыныстар мұқият қаралып, нақты мысалдарға, статистикалық ақпаратқа, халықаралық тәжірибені зерделеуге және теориялық құрамдас бөліктерге негізделуі керек.

«Оған қатысты диспозиция мен санкцияны дұрыс тұжырымдауымыз керек. Біз жай ғана «жұмыс орнындағы харассмент» деп жаза салмаймыз, біз харассменттің нені білдіретінін анықтап, оны заңды түрде негіздеуіміз керек», деп қосты вице-министр.

Алма Мұқанова еліміздің Қылмыстық кодексіне жеке қылмыс құрамын енгізу мақсатқа сай деп танылса, жобалық кеңсе мен ведомствоаралық топ норманы толық зерттейтінін атап өтті. Сондай-ақ, депутаттар бұл бапты еліміздің Қылмыстық кодексіне енгізу туралы бастама көтеруі мүмкін.

Айта кетейік, құқық қорғаушылар мен адвокаттар Қазақстанның Қылмыстық кодексіне харассмент бабын енгізу қажеттігін бірнеше рет айтқан болатын. Сарапшылар бұл бап енгізілсе, құқық қорғау органдарының зорлау, ұрып-соғу, кісі өлтіру сынды көптеген ауыр қылмыстардың алдын алуға болатынын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз