ҚХА өкілі электронды темекі өнімдерін елге кіргізуге тыйым салуды сұрады

Жарияланды

Фото: kursiv.mediа

Орталық коммуникациялар қызметінде вейп эпидемиясына қатысты брифинг өтіп, сарапшылар электронды темекінің уынан келешек ұрпақты сақтау мақсатында бұл өнімді елге кіргізуге тыйым салу мәселесін көтерді.

Соңғы жылдары электронды темекі индустриясы қатты дамып кетті. Салдарынан жасы 18-ге толмаған оқушалар үшін де бұл өнім қолжетімді бола түскен. Кез-келген дүкенде сатылады. Медицина саласының мамандары, ұстаздар қауымы, депутаттар бұл өнімнің болашақ ұрпақ денсаулығына тигізетін зиянын ескеріп, тыйым салу мәселесін көтеріп жүргенін білеміз.   

«Бұл өнім құрамында өкпеге зиянды қоспалар бар. Ол қоспалар өкпе эпителийін зақымдайды.Бүгінде электронды темекіні оқушылардың көп тұтынуына байланысты Қазақстан өкпе аурулары бойынша қауіпті аймақта тұр», дейді Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева.  

Дүниежүзідік Денсаулық ұйымының мәліметінше,  33  мемлекет электронды темекі сатуға тыйым салса, 79 ел бұл өнімді қоғамдық орындарда тұтынуға, жарнамалауға, дамытуға, бұл өнімдерге демеушілік жасауға тыйым салған.

Өйткені бұл өнімдер темекі тәуелділігін жеңілдету үшін ұсынылғанымен, оның құрамындағы никотин кәдімгі темекі құрамынан да көп екен. Ал «түрлі химиялық қоспалардан тұратын иістендіргіштер одан улы», дейді мамандар. Яғни вейп эпидемиясына шалдыққан Қазақстанда болашақта керісінше, никотинге тәуелді азаматтардың саны артуы мүккін екен.

Сондай-ақ сарапшылар электронды темекі өкпені туберкулез дертімен тең дәрежеде зақымдайтынын айтты. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі төрағасының орынбасары, кәсіпкер Баян Ахатай бұл зиянды өнімді елге кіргізуге тыйым салуды ұсынды.

 «Біздің балаларымыздың денаулығына 1% зиян тигізетін өнім болса, соны мемлекетке кіргізуге тыйым салуымыз керек. Бүгінде 18 мың ата-ана петицияға қол қойды. Сол ата-аналардың атынан электронды темекіні кіргізуге үкімет тарапынан шектеу қоюды сұраймын. Біздің бұл бастамамызды депутаттар да, ата-аналар да қолдап отыр. Енді біздің үнімізді мемлекет естиді деп сенеміз», деді Ассамблея өкілі.

Аналар кеңесінің бұл ұсынысын Денсаулық министрлігі де қолдаған. Министрлік өкілі бұл мәселенің терең зерттеліп, тыйым салуға қатысты талдау жүргізіліп жатқанын айтты.

2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы темекі тартатын респонденттердің үлесі 18-28 жас және 60-63 жас және одан жоғары жас топтарында өсті, қалған жас топтарында төмендеген. 

Сондай-ақ оқыңыз