Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық көлемі 31 млрд долларға жетті – Қасым-Жомарт Тоқаев

Жарияланды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысып, жиын барысында әлемдегі күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі рекордтық көрсеткішке – 31 миллиард долларға жетті. Қытай Қазақстан экономикасына қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарына кіреді. Құйылған инвестицияның жалпы көлемі 23 миллиард  доллардан асты», деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Президент Сиань қаласында қазақ-қытай келіссөздері өткенін, көрші ел басшысы Си Цзиньпинмен бірге екіжақты қарым-қатынастың кең ауқымды мәселелері бойынша нәтижелі пікір алмасып, нақты келісімдерге қол жеткізгенін айтты.

«Жалпы, менің Қытайға мемлекеттік сапарым ойдағыдай өтті деп сеніммен айтуға болады. Қол жеткізілген уағдаластықтар екі елдің арасындағы тығыз ынтымақтастыққа зор серпін береді. Қазақстан Қытаймен көпжақты байланыстарын одан әрі нығайтуға мүдделі. Осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерімізді саламыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары барысында Қазақстан мен Қытай өзара визасыз режим туралы келісімге қол қойды.

Сондай-ақ оқыңыз