Фото: kursiv.media
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға сапары барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК және China National Petroleum Corporation мұнай-газ саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы компания баспасөз қызметі хабарлайды.
Келісім бойынша геологиялық барлау және мұнай өңдеу саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету, Қазақстан-Қытай мұнай құбыры арқылы тасымалдау көлемін ұлғайту мүмкіндіктерін зерделеу, сондай-ақ компаниялардың кадрлық әлеуетін дамыту жоспарланған.
«ҚазМұнайГаз бен CNPC компаниялары арасында Қазақстан үшін маңызды мұнай-газ жобаларын бірлесіп іске асырған жылдар ішінде берік әрі сенімді қарым-қатынас қалыптасып үлгерді. Қол қойылған бүгінгі Келісім – компаниялар арасындағы әріптестікті нығайту бағытындағы кезекті кезең», – деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.
Orda порталының хабарлауынша, Қазақстан Қытайға 20 миллион тоннаға дейін мұнай экспорттауды жоспарлап отыр. Қытай-Орталық Азия саммиті кулуарында ҚМГ Басқарма төрағасы Мағзұм Мирзағалиев тараптар мұнай құбырының өткізу қабілетін кеңейтуге келіскенін айтқан. Ол шамамен 200 миллион долларды құрайды.