Фото: shutterstock.com
QazaqGaz бен Қытайдың ұлттық мұнай корпорациясы (CNPC) табиғи газды жеткізу, геологиялық барлау саласында серіктестік орнатуға келісті. Бұл туралы компания баспасөз қызметі хабарлады.
«Құжатқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында қол қойылды», делінген хабарламада.
Сондай-ақ, құжат «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші тармағының құрылысын бастауға негіз болады.
Тараптар QazaqGazдың ресурстық базасы мен газ құбырларының өткізу қабілетін негізге алып, табиғи газды сатып алу-сату шартына қол қоюға ниетті. Сонымен қатар, компаниялар Қазақстандағы перспективалық жер қойнауы учаскелерінде геологиялық барлау жүргізу бойынша ынтымақтастық ортануды қарастырады. Компаниялар газ саласындағы технологиялық инновацияларды дамыту бойынша ғылыми-техникалық және зерттеу орталықтары арасында тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр.
Қытай ұлттық мұнай корпорациясы Қазақстанда біраз жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол Қашаған жобасының – 8,33%, «МаңғыстауМұнайГаздың» – 50% және «ПетроҚазақстан Инк.» 67% акциясына ие. CNPC қатысуымен Қазақстан-Қытай мұнай құбыры, Қазақстан – Қытай және Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырлары салынды.