МӘМС жүйесі: елімізде 3 миллионнан астам адам «сақтандырылмаған»
Қазақстанда 3 миллионнан астам адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша ай сайынғы төлем жасамайды. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді.
«(…) 2019 жылмен салыстырғанда жалпы өлім-жітім 8,8 пайызға төмендеген. Бұл оң өзгерістерді медициналық сақтандыруды енгізудің халыққа жағымды әсері деуге болады. Сонымен қатар МӘМС қаражаты пандемиямен күреске бағытталды», – деді вице-министр.
Айтуынша, денсаулық сақтау саласында шешуді қажет ететін проблемалар бар.
«Проблемалар бар екенін мойындауымыз қажет. Біріншіден, саланы созылмалы жеткіліксіз қаржыландыруға қатысты мемлекет басшысы да айтты. Бұл пробелама тарифтердің медициналық көмекке жұмсалатын шығындардың нақты сәйкес келмеуіне байланысты туындайды. Тегін медициналық көмек және МӘМС пакеттерінің арасында қызметтер ағыны да бар. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары мен аудармаларының пайыздық мөлшерлемесі кей елге қарағанда айтарлықтай төмен», – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Екіншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне халық толық тартылмаған.
«Қазір 3 миллионнан астам адам сақтандырылмаған және МӘМС шеңберінде көрсетілетін медицианалық көмекке қол жеткізе алмайды. Алайда былтыр халықты сақтандыру мен қамтуда оң динамика байқалды. Сондай-ақ МӘМС-ке бір жылда 600 мың адам қосылды», – деді ол.
Үшінші мәселе – бизнес процестерді цифрландыру деңгейінің төмен болуы және медициналық ақпараттық жүйелердің бытыраңқылығы.
«Бұл денсаулық сақтау жүйесіндегі қаржыны басқарудың және жеткілікті деңгейде ашық болмауына әкеледі. Бұл мәселелер денсаулық сақтауды жақсарту үшін назар аударуды қажет етеді», – деді вице-министр.
Сол себепті медициналық қызметтердің сапасын бақылаудың бірыңғай жүйесі құрылады.
«Шығыстарды бақылауды қатаңдату және қызметтерді негізсіз артық тұтынудың алдын алу үшін нормативтік-құқықтық база қайта қаралады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде пакеттер нақты бөлінген медициналық көмек көрсету кепілдіктерінің бағдарламасы қабылданды», – деді ол.
Сондай-ақ пациенттерге медициналық көмек көрсету процесін жеделдететін заңнамалық база құрылады.