Фото: primeminister.kz
Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы тауар айналымы 61% ұлғайып 49 млрд долларды құрады. Бұл жайлы Алматы қаласында өткен «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» экономикалық форумында Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов айтты.
Орта Азияның жасыл және цифрлық технологияларға көшуі, қолайлы бизнес ортаны қалыптастыру, сондай-ақ сауда байланыстарды нығайту мәселелерін қамтыған форумда премьер-министр Астана мен Брюссель арасындағы серіктестікті сенімді қарым-қатынастарға құрылған көп жылғы прагматикалық және дәйекті ықпалдастықтың нәтижесі екенін айтты.
«Біз Еуропалық Одақпен ынтымақтастықтың екі жақты форматта және өңіраралық деңгейде қарқынды дамуын қолдаймыз. Өңір елдерінің ортақ күш—жігерінің арқасында бүгінде Орталық Азия белсенді дамып келе жатқан үлкен мүмкіндіктер аймағы. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы тауар айналымы 61% ұлғайып 49 млрд долларды құрады. Экономикалық әлеуетіміздің толық ашылуына біз еуропалық серіктестерімізбен бұл көрсеткішті айтарлықтай арттыра алатынымызға сенімдіміз. Ол үшін бізде белсенді пайдалануды және ілгерілетуді қажет ететін елеулі резервтер бар», деді үкімет басшысы.
Еуропа елдерімен сауда айналымындағы бұл қаражатты ескерсек, өткен жыл Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастыққа серпін берген жыл болған. Ал бұл форум Брюссельде, Астанада, Самарқандта өткен бірқатар маңызды кездесулердің сәтті жалғасы іспетті. Өйткені өткен жылдың қазан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары мен Еуропалық Кеңес төрайымының бірінші кездесуі болып өткен. Өз кезегінде бұл оқиға Еуропалық Одақпен қарым-қатынасты дамытуда маңызды рөл атқарды. Нәтижесінде Қазақстан жаңа бағыттар бойынша ынтымақтастық орнатқан.
Сондай-ақ Еурокомиссияның төрағасы Урсула фон дэр Ляйнмен сирек кездесетін металдар саласында меморандумға қол қойылған.
«Бұл құжат Қазақстан мен Еуропалық Одақтың өнеркәсіптік альянстары арасындағы қаржылық және технологиялық ынтымақтастықты орнатуға ықпал етеді. Бүгінде Еуропалық Одақ Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Бұл елдің сыртқы саудасының 30 пайызын құрайды. Ал тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 170 миллиард доллардан асады», деді Премьер министр.
Сонымен бірге Әлихан Смайылов инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және өзара сауданы әртараптандыруға мүдделі екенін жеткізді. Қазірдің өзінде еліміздің экономикасының түрлі салаларында еуропалық капиталдың қатысуымен 3 мыңнан астам компания табысты жұмыс істейді екен. Қазақстан Еуропа елдеріне машина жасау, темір және болат өнеркәсібі, тамақ өңдеу және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда жылына 2-3 миллиард доллардан асатын 175-тен астам өңделген тауарды ұсына алады.
Форумда Премьер министр Қазақстанның астық саласындағы әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, ең ірі астық өндіруші елдің бірі ретінде жаһандық азық-түлікке қатысты ЕО-ның стратегиялық серіктесі бола алатынын да айтты.
Ал жаһандық маңызы бар көміртегі шығындыларын азайтуға қатысты Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатында стратегия қабылдағанын, Орта Азияның жасыл энергияға көшуінде Қазақстанның белсенділік танытатынын жеткізді.
Форум аясында ЕуроОдақпен құны 9 млн еуро болатын келісімге қол қойылды.