Қазақстан мен ЕуроОдақ арасындағы сауда көлемі рекордтық деңгейге жетті
Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы сауда көлемі өткен жылы рекордтық деңгейге, 38%-ға артып, $40 млрд. құрады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, 2022 жылы Қазақстаннан Еуродақ елдеріне экспорт $32,4 млрд. құрады. Ал, ЕО-дан елімізге импорт $7,6 млрд. Биылғы алғашқы 3 айда өзара сауда көлемі 12,5%-ға артып, $10,2 млрд. құрады.
«Қазіргі уақытта Қазақстан Еуроодақ елдеріне экспортты 175 тауар түріне дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл жағдайда тауар айналымы тағы $2 млрд. артады» делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Қазақстан мен ЕуроОдақ Орталық Азия елдерінде Халықаралық сауда орталығы іске асырып жатқан Ready4Trade-Central Asia жобасы экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етуге ниетті.
Айта кету керек, Алматыда «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» II Экономикалық форумы өтіп жатырн. Осы жиын барысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров БҰҰ жанындағы Халықаралық сауда орталығының атқарушы директоры Памела Коук-Хамильтонмен кездесу өткізді. Тараптар Еуроодақ елдерімен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін, «жасыл» бастамалар және бірлескен жобаларды іске асыру барысын талқылады.
Аталған жиынға бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қатысып, бірқатар екіжақты кездесу өткізеді.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Форумның панельдік сессиялары аясында екі өңірдің экономикалық қарым-қатынасын нығайтудың өзекті мәселелері талқыланып жатыр.
Олардың ішінде: кәсіпкерлер арасындағы сауда байланыстарын дамыту; мультимодальды жүк тасымалдарын жүзеге асыру; сауда маршруттарының инфрақұрылымын жаңғырту; коммерциялық операцияларды жүргізу саласында цифрлық шешімдерді енгізу; мемлекеттік реттеу және т.б. бар. Жоғары деңгейдегі сессияға Қырғызстан, Тәжікстан премьер-министрлері, Түрікменстан және Өзбекстан үкіметтерінің ресми өкілдері, Еурокомиссия, Еуропа елдері мемлекеттік органдарының және халықаралық қаржы ұйымдарының басшылары, іскер топ өкілдері және т.б. қатысады деп күтілуде.