Фото: kursiv.media
Қазақстанның жаңа картасы дайындалды. Бұл туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов мәлімдеді.
Атап айтқанда, жаңа саяси-әкімшілік картасы әзірленген. Карта 1:1,5 млн масштабымен жасалған. Сонымен бірге Қарағанды, Алматы және ШҚО карталары да жаңартылған. Сонымен бірге Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының 1:1 млн масштабтағы карталары да дайындалған.
«Былтыр Мемлекет басшысының Жарлығымен үш жаңа облыс – Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды. Үкімет іс-шаралар жоспарын бекітті, оның тармақтарының бірі Қазақстан Республикасының саяси картасын және өзгерістер орын алған 6 облыстың тақырыптық карталарын өзектендіру болды. Бұл үш жаңа өңірге Қарағанды, Талдықорған және Шығыс Қазақстан облыстары кірді», деді вице-министр.
Ал бұл картаны жасауға шамамен 56 млн теңге кеткен. Бұл жайлы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитетінің төрағасы Қажымұқан Бекмұқашев айтты.
«Жалпы, Қазақстанның алты облысы бар әкімшілік картасын және облыстардың жоспар-схемасын дайындауға республикалық бюджеттен 56 млн теңге жұмсалды. Ал Қазақстанның жеке картасын алатын болсақ, оған шамамен 10 млн теңгедей кетті», деді Комитет басшысы.
Комитет өкілі Қазақстанның жаңартылған картасын жасауда біраз қиындықтар туындағанын, уақыттың тығыз болғанын айтты. Бірақ мамандар уақыттың тығыздығына қарамастан, бекітілген мерзімде жоғары дәлдікпен, сапалы дүние жасап шыққан.