«Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының тасымал мүмкіндігін арттыру жоспарлануда
Фото: kursiv.media
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» саммитінде «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының тасымал мүмкіндігін арттыратынын айтты.
«Энергетика саласындағы, оның ішінде, мұнай-газ секторындағы қарым-қатынасты дамытуға мол мүмкіндік бар. Біз мұнай экспортын көбейтуге мүдделіміз. Сол үшін «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының тасымал мүмкіндігін арттыруды жоспарлап отырмыз», деді Президент.
Атап айтқанда, «Атырау – Кеңқияқ», «Кеңқияқ – Құмкөл» мұнай құбырларының өткізу мүмкіндігін арттыру мәселесі қарастылып жатыр. Президент мұнай өнімдерін тұтыну көлемінің өсіп келе жатқанын, сол мақсатта Шымкент мұнай өңдеу зауытынан шығатын өнім көлемін жылына 6-дан 12 миллион тоннаға дейін көбейтуді жоспарлап отырғанын айтты. Сонымен қатар газ өңдеу саласын да дамыту бұл саладағы негізгі бағыттардың бірі болмақ.
«Газ өңдеу қуатын арттыру және газ тасымалдау жүйесін жетілдіру Қазақстан үшін басым бағыт саналады. Біз үшін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральді газ құбырының екінші тармағын салу өте маңызды. Қашаған кенішінде жылына 4 миллиард текше метр газ өңдейтін зауыт құрылысына да баса мән береміз» деген Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық серіктестердің аймақтағы маңызды жобаларға қолдау көрсетуін жалғастыра түсетініне сенім білдірді.
Бұл саммит көне Сиань қаласында өтіп жатыр. Президент бұл маңызды жиынның дәл осы қалада өтуінің зор символдық мәні бар екеніне тоқталды.
«Ұлы Жібек жолы осы жерден бастау алған. Он жыл бұрын Астанада Си Цзиньпин мырза «Бір белдеу – бір жол» бастамасын ұсынған болатын. Содан бері осы ауқымды жобаның тиімділігіне және қажеттігіне бүкіл әлем көз жеткізді. Бұл мегажоба Ұлы Жібек жолын жаңғырту ісіне ықпал етті. Сондай-ақ көптеген елде заманауи көлік инфрақұрылымын салу жұмысын жандандырды. Қазақстан – Қытайдың жақын көршісі әрі сенімді серіктесі. Сондықтан «Бір белдеу – бір жол» жобасына атсалыса береді» деп, осы мақсатта қазақ-қытай шекарасында үшінші темір жол өткелі ашылатынын да айтты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитін Қазақстанда өткізуге дайын екенін айтты. 2025 жылы бұл саммит Қазақстанда өтеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға сапары барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК және China National Petroleum Corporation мұнай-газ саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімге қол қойды.