Жаңалықтар

Қазақстандағы табиғи өрт кезінде ресейлік тікұшақ операторы өтеусіз қызмет көрсететін болады

Фото: kursiv.media

Қазақстандағы тікұшақ қызметтерінің бірыңғай операторы «Қазавиақұтқару» АҚ мен Utair тобы (РФ тікұшақ операторы) ынтымақтастықты кеңейту туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі. Құжатқа HeliRussia-2023 тікұшақ индустриясы халықаралық көрмесінде қол қойылған.

«Атап айтқанда, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, оның ішінде табиғи өрттер туындаған кезде «Utair» тарапынан авиациялық қызмет көрсетуге өтеусіз негізде жәрдемдеседі», делінген «Қазавиақұтқару» АҚ сайтындағы хабарламада.

Бұдан бөлек, «Ютэйр-Инжиниринг» базасында «Қазавиақұтқару» АҚ техникалық қызмет көрсететін болады. Сонымен қатар «Utair» тобының оқу орталығындағы Ми-26, Ми-17 және Ми-8 тікұшақтары тренажерларында қазақстандық оператордың ұшу құрамын даярлау және қайта даярлауда өтеді.

«Қазавиақұтқару» АҚ Бас директоры Болат Абайділдинов «біздің серіктестігіміз тиімді құрал болып табылады және екі елдің авиация саласының өзара дамуына толық ықпал етеді», деп атап өтті.

«Utair — тікұшақ қызметтері» АҚ бас директоры Александр Стефанюк:

«Біздің жоспарымызда — Қазақстанның ірі пайдаланушысы және Ресейдің ірі тікұшақ операторы, әлемдік тікұшақ бизнесінің көшбасшысы арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін ұзақ мерзімді әріптестік қатынастарды нығайту», деген.