Қытайдың Сиянь қаласында Қазақстанның бас консулдығы ашылды

Жарияланды

Фото: Ақорда

Қытайдың Сиянь қаласында Қазақстанның бас консулдығы ашылды. Қазақстан – Қытайдың Шэньси провинциясында өзінің дипломатиялық өкілдігін ашып отырған Орталық Азиядағы жалғыз ел. Мемлекет басшысы Бас консулдықты қысқа мерзім ішінде ашуға қолдау көрсеткені үшін Қытай тарапына ризашылығын білдірді деп хабарлайды Ақорда.

«Бүгін – Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы үшін тағы да бір аса маңызды әрі тарихи күн. Біз Сиань қаласында Қазақстанның Бас консулдығын ашқалы тұрмыз. Бүгінде Сиань – «Бір белдеу – бір жол» экономикалық белдеуінің маңызды бекеті. Шэньси өлкесі және Сиань қаласы Қазақстанмен тығыз байланыс орнатқан. Солтүстік Қазақстан облысымен және Шымкент қаласымен бауырластық қатынас туралы келісімге қол қойылды. Бұл шаралар екі ел арасындағы барыс-келісті жандандыра түсері сөзсіз. Бас консулдық осы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үлес қосады деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Сианьда Бас консулдық ашу туралы тиісті жарлыққа 2022 жылы 5 қарашада қол қойған болатын. Консулдық ғимаратында дипломаттармен қатар Қазақстанның экономикалық мүддесін ілгерілету үшін ұлттық компаниялардың өкілдіктері де орналастырылады.

Бас консулдықтың ашылу рәсіміне ҚХР Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, Сыртқы істер министрі Цинь Ган қатысып, Қытай үкіметінің құттықтауын жеткізген,

Қытайлық дипломаттың айтуынша, Сиань қаласында Қазақстанның Бас консулдығының ашылуы екі елдің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелге қатысып, жиын барысында екіжақты сауда-саттық көлемі 31 миллиард долларға жеткенін айтты.

Қытайдың Сиань қаласында өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде Қазақстан Президенті өңірдегі туризмді дамыту қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, екі ел арасында енгізілетін 30 күнге дейінгі визасыз режим ікерлік байланыс аясын кеңітіп, туристер легін арттыратынына сенім білдірді.

Аталмыш саммитте Тоқаев пен Си Цзиньпин қазақ-қытай сауда айналымын 40 млрд долларға жеткізуге уағдаласты.

19 мамыр күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі күнге созылған Қытайға мемлекеттік сапары аяқталды. Оны аспан асты елінің лауазымды тұлғалары әуежайды салтанатпен шығарып салды.

Сондай-ақ оқыңыз