Жаңалықтар

Саяхатташылар үшін шетелде демалу құны біршама арзандады

Фото: kursiv.media

Freedom Life өмірді сақтандыру компаниясы шетелге саяхаттау құны бір жылда қалай өзгергенін зертеп, Мальдив аралдарында демалу құны 52 пайызға төмендегенін анықтаған.

Осыдан бір жыл бұрын бұл елге саяхаттау бір адамға бір миллион теңгені құраса, 2023 жылғы баға бұл соманың тең жартысын құрайды. Мәселен, саяхатшылар 3-4 жұлдызды қонақүйге тоқтап, тек таңғы астан тұратын менюді таңдап, 6-8 күн демалатын болса, оның құны 524 000 теңгені құрайтын болады.

Ал БАӘ мен Дубайда демалу құны 2022 жылы 240 мың теңгені құраса, 2023 жылы 3-4 жұлдызды қонақүйде тамақты қоспағанда, 7 күн демалу бір адамға 165 000 теңгені құраған.

Түркияның Кемер және Алания қалаларында демалу құны 2022 жылы 220 мың теңге болған. Ал қазір бес жұлдызды қонақүйде «all inclusive» атты ультра тарифі бойынша бір апта тұру орташа есеппен 270 мың теңге болады. Ал 3-4 жұлдызды қонақүйлерде 168 мың теңгеге де демалуға болады.

2022 жылы Мысырдың Шарм-эль-Шейх қаласында 180 мың теңгеге демалуға болатын еді. Ал 2023 жылы 3-4 жұлдызды қонақүйде апта сайынғы демалыстың орташа құны бір адамға 207 мың теңгені құрайды. Бұл турларға таңғы ас пен кешкі ас кіреді.

Грузияда, Кобулети мен Батуми қалаларында демалу құны 2022 жылы 270 мың теңгені құраған. Ал биыл 3 жұлдызды қонақүйде 7 күн тұрудың орташа құны бір адамға 278 мың теңгеге шығады. Бұл турлардың көбісі тамақсыз ұсынылады. Дегенмен, бұл елдерде осы баға шамасында таңғы ас ұсынатын бірнеше қонақүйлер де бар.

Ал Тайландтағы Пхукет аралында демалу бір жыл бұрын 360 мың теңге болған. 2023 жылы «тек таңғы асты» қамтитын төрт жұлдызды қонақүйде демалу құны бір адамға орта есеппен 317 мың теңге болады.

Шри-Ланка аралындағы демалыс құнының көлемі де бір жыл бұрын 360 мың теңгені құраған. Ал биыл 3-4 жұлдызды қонақүйде тұрып, бір апта демалу бір адамға орташа есеппен 404 мың теңгеге шығады. Бұл турларда таңғы ас қамтылған.

Сонымен бірге Бали аралында демалу 809 мың теңге болған болса, қазір 3-4 жұлдызды қонақүйде сегіз күн демалу бір адамға 667 мың теңге болмақ. Мұндағы турларда да таңғы ас қамтылған.