Жаңалықтар

«Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті 2025 жылы Қазақстанда өтеді

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

Бұл бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Сиань қаласында өтіп жатқан бірінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінде мәлім етті.

Оның айтуынша, Қазақстан тарапы «Орталық Азия – Қытай» хатшылығын құру идеясын қолдайды. Хатшылық жұмысының Қытай аумағында жүргізілуіне қарсы емес.

«Сонымен қатар, «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитін Қазақстанда өткізуге дайын екенімізді білдіремін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекеттер басшылары бірінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінің қорытындысы бойынша Сиань декларациясына қол қойды. Келесі саммит 2025 жылы Қазақстанда өтеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ, аймақтағы елдер екіжақты форматта және бірқатар аймақтық және халықаралық ұйымдар аясында тығыз байланыста екенін атап өтті.

Президент аймақтың қауіпсіздігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі екеніне тоқталды.

«Қытайдың бұл міндетті орындауға зор үлес қосып отырғанын Қазақстан жоғары бағалайды. Қытай Халық Республикасы аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарады. Барлық елдің аумақтық тұтастығын және егемендігін сақтауға қатысты Бейжіңнің ұстанымы еш өзгерген емес. Сондай-ақ өзге мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау қағидатынан айнымай келеді. Қытайдың осы берік ұстанымы ерекше құрметке лайық», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол Қазақстан да Қытайдың Орталық Азияға қатысты жүргізіп отырған бейбіт сыртқы саясатын құптайтынын атап өтті.

«Біз Бейжіңнің тұрақты дамуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларын қолдаймыз. Орталық Азияның қашанда ынтымағы жарасқан, жасампаз аймақ ретінде дамығанын қалаймыз. Осы өңірді геосаяси текетірес алаңына айналдыруға қарсымыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.