Тоқаев пен Си Цзиньпин қазақ-қытай сауда айналымын 40 млрд долларға жеткізуге уағдаласты
Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев Сиань қаласында өткен саммитте Қазақстан агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын арттыруға және оның түрін көбейтуге мүдделі деді. Бидай мен ұн өндіруден Қазақстан әлемдегі ең ірі он елдің қатарына кіретінін атап өтіп, шаруалар сыртқа шығарылатын дәнді және майлы дақылдардың көлемін арттыруға дайын екенін жеткізді.
«Олар экологиялық жағынан таза әрі жоғары сұрыпты ет пен органикалық өнімдерді де көптеп жеткізе алады. Есесіне, бау-бақша өнімдері мен азық-түлік тауарларын тұрақты сатып алуға мүдделіміз» деді ол.
Мемлекеттердің аграрлық әлеуетін тиімді пайдалану арқылы аймақтағы елдердің азық-түлік қауіпсіздігін айтарлықтай нығайтуға болатынын атап өтті, Президент.
«Бұл қадам бәріміздің мүддемізге сай келеді. Осы ретте мен «Қорғас» халықаралық сауда орталығында Бірлескен азық-түлік хабын құруды ұсынамын. Агроөнеркәсіп саласында цифрлық және «жасыл» технологияларды енгізу мәселесіне баса мән берген жөн. Бұл істе қытайлық серіктестеріміздің тәжірибесі мен мүмкіндігі аса қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің дерегінше, Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға салырнған 350 млрд доллар тікелей шетелдік инвестицияның 23 млрд доллардан астамы Қытайдан тартылған.
«Қытай үкіметіне алғысымыз шексіз және инвестиция саласында Қытаймен белсенді серіктестікті одан әрі дамытуға дайынбыз. Менің мемлекеттік сапарым барысында инвестициялық форум өтіп, 22 млрд доллар болатын келісім-шарттарға қол қойылды» деді Тоқаев.
Екі елдің географиялық орналасуы аймақтық және трансконтиненталды деңгейдегі маңызды көлік-логистика дәлізіне айналдырып отырғанын алға тартты Президент.
«Осыған байланысты Қазақстан өзінің сауда-экономикалық және логистикалық әлеуетін достық ниеттегі Қытаймен ынтымақтастықты тереңдетуге бағыттауға дайын. қазақ-қытай сауда айналымы 31 млрд долларға жетті. Ал, біз Си төраға екеуіміз оны 40 млрд долларға дейін жеткізуге уағдаластық», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Президент трансшекаралық су ресурстарын пайдалану проблемасына назар аударып, климаттың өзгеруіне байланысты бірлесе шұғыл шаралар қабылдауға шақырды.
«Орталық Азия елдерінің тұщы су тапшылығына ұшырау қаупі жоғары екені белгілі. 2050 жылға қарай 5 миллиардтан астам адам ауыз суға мұқтаж болуы мүмкін. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі. Сарапшылар біздің аймағымыздың тез жылынып бара жатқанын айтып отыр. Климаттың өзгеруіне байланысты біздің аймақтың басты су көзі саналатын мұздықтар да күрт азайып барады. Осы жағдай Орталық Азияның азық-түлік, энергетика және экология қауіпсіздігіне едәуір қатер төндіреді. Сондықтан бірлесіп шұғыл шаралар қабылдауымыз қажет»