Италия премьері жұмыс сапарымен Қазақстанға келмейтін болды
Италия Үкіметі басшысының Астанаға жоспарланған жұмыс сапары болмайтын болды. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Президенттің Баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.
«Эмилия-Романья аймағында болған жойқын су тасқыны салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони табиғат апатынан зардап шеккен өңірлерге бару үшін Хиросимада өтіп жатқан G7 саммитіне соңына дейін қатыспай, еліне қайтып барады.
Келіп түскен мәлімет бойынша Италияның солтүстігінде кем дегенде 40-тан астам елді мекен су астында қалып, 20 мыңнан астам адам баспанасынан айырылды.
Осы себепке байланысты Италия Үкіметі басшысының Астанаға алдын жоспарланған жұмыс сапары болмайды», – деп жазды Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі ресми парақшасына.