Жаңалықтар

Табысын жасырып жүрген блогерлер салық төлеуге міндеттеле ме?

Фото: Shutterstock

Мәжілісте онлайн-платформа, онлайн-жарнама туралы жаңа заң жобасы қаралатыны туралы айтылды. Қоғамда әжептәуір салмағы бар, пікір қалыптастыруға, соңынан ертуге ықпалды инфлюенсерлер ендігі жерде бақылауда ұстауға талпыныс бар секілді. Мұны блогерлердің басына үйірілген қара бұлт деуге бола ма, жоқ па? Биыл көктем басталғалы оқырманы бірнеше миллионнан, жылдық табысы бірнеше миллиард рубльден асатын ресейлік блогерлерді Федералды салық қызметінің арнайы бөлімі тексеріп, кейбірін қамауға алып жатыр. Мысалы Елена Блиновская 918 миллион рубль салықтан жалтарған деп айыпталып отыр. Әдетте көрші елдегі өзгерістің көп ұзамай бізге келетінін ескерсек, инфлюенс-маркетиң саласындағыларға ақырын жүріп, анық басу керек деген сөз бе?  

Салығың сауығыңа сай ма?

Осы кезге дейін инфлюенсерлердің дені блогы арқылы ақша тапқанын жаһанға жар салып, «мен сияқты люкс брендтен зат, пәтер мен көлік алғың келсе, курсымды оқы» деп келді. Дәлел ретінде мобайл банкиңдегі табысын көрсетіп мақтанатындар да бар. Алғашқыда SMM, мобилография сынды жаңа мамандықтарды оқытқан болса, кейінгі кезде Қытаймен бизнес, Wildberries/Kaspi арқылы табыс табуға шақыратындар көбейді. Мысалы 1,8 млн оқырманы бар Аида Серікова жақында ғана Qadam 04 курсын бастады. Қытай платформалары арқылы тауар алдырып, сату арқылы табыс табуды үйретеді. Өзінің айтуынша, 2 күнде 700 000 теңге тапқан. Сондай соманы курсын оқығандар да таба алады деп сендіріп отыр. Осы сынды кепілдік жасайтындар аз емес.

         Курс туралы айтайық. Бұрын блогерлер курс ақысын тікелей картаға аудару арқылы қабылдайтын. Кейін оқырманы көп болғанын пайдаланып, бағасын аспандатты. Қарапайым халық ондай соманы қолма-қол бере алмағандықтан, 3/6 айға бөліп төлеу жүйесі арқылы алатын болды. Картаға аударылған ақшаны бақылауда ұстау қиын. Ал енді бөліп төлеуді қосу үшін міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу шарт. Жалпы алғанда бөліп төлеуді тек курс емес, түрлі тауар, қызметке де қоса береді. Демек, бұл жағынан алып қарағанда олардың табысын тексеруге, бақылауға мүмкіндік бар.

         Табысы тіпті аспандап кеткен блогерлер болса, бизнесін «бөлшектеп» жүргізуге көшеді. Ол дегеніміз бірнеше жеке кәсіпкерлік субъектісін ашып, сол арқылы табысын азайтып көрсетуге тырысады. Ал жеке кәсіпкерлік әр кезде әр түрлі адамның атына тіркеледі. Бұл болса, минимум салық мөлшерлемесімен жүруге мүмкіндік береді. Яғни заңда көрсетілген шектен асып кетпес үшін осындай схема жасайтындар да бар. Аида Серікованың атына тіркелген жеке кәсіпкерлік субъектісін ашық дереккөзден таппадық. Қандай ЖК атынан қызмет көрсетіні белгісіз.  

         Еліміздегі ең ықпалды блогерлердің бірі Жанабыловтар отбасы — Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың (zhanabylov_e мен elt6i) мысалында қанша салық төлейтінін қарап көрелік. ZHANABYLOV_E ЖШС 2020 жылдың маусымында тіркелген. Қызметкер саны беске жетпейді деп көрсеткен. Бұдан бөлек, Ерболат Нұрлыбекұлы — ELUEUR COSMETICS және CHEMICAL UNIVERSE ЖШС мен қазір жабылған Жанабылов ЖК иесі. Блогердің атынан ашылған компаниялардың құрылған уақыттан бері қанша салық төленгенін төмендегі кестеден көре аласыздар.

Adata ұсынған деректер бойынша, Ерболат Жанабыловтың бизнестері арасындағы байланыс схемасы мынадай:

         Бұл деректер ашық, кез келген адам қарап, тексере алады. Ал салық инспекторларына анықтау тіпті оңай. Өйткені банктегі шоттары арқылы ақша айналымына анализ жасау арқылы кімнен, қашан және қандай көлемде ақша түскенін білуге болады. Егер белгілі бір уақытта бірдей сома тым жиі аударылса, ірі көлемде ақша түссе, онда назарға ілінеді. Содан соң ол ақшаның кімнен келгенін дәлелдеп беруі керек. Бірақ әзірге инфлюенсерлерді тексеру туралы нақты негіздеме жоқ. Мәжіліс депутаты Айдос Сарымға хабарласып, бұған қатысты ойын сұрадық. 

Блогерлерді бөліп қарастырудың қажеті бар ма?

Оның айтуынша, қазақстандық инфлюенсерлер осы елде жүріп, табыс тауып жүрген соң сөзсіз салық төлеуі керек. Оны тексеру үшін Қаржы инспекциясының құралы көп.

«Айталық, жарнама кампаниясы өтті. Осынша қаражаттың мынадай шотқа аударылғаны белгілі болды. Мұндайда тапсырысты орындаған тұлғаға барып, негіздеуін сұрайды. Бұл жерде міндетті түрде тапсырыс беруші мен орындаушы болады. Екеуін тексергенде әлдебір тарап алдаса, өтірігі ашылады. Қазақстанның әр азаматы 2025 жылдан бастап декларация тапсыратын болады. Соған сәйкес, белгілі бір сома шотыңызға аяқ-асты топ ете қалса, инспекция қайдан және не үшін алғаныңызды сұрайды. Сөйтіп заңды жолмен келгенін дәлелдеуіңіз керек болады. Ал енді блогерлерді тексеруге қатысты айтсақ, дәл қазір Салық инспециясының қолында нақты заңды негіз жоқ. Өйткені «инфлюенсерлік» кәсіп түрі болып бекітілмеген. Жаңа заңнамада, яғни Кәсіпкерлік кодекске тиісті бап енгізіліп отыр. Сондай-ақ, инфлюенсерлік, қайырымдылық және т.б. түрлері де айқындалады» дейді Айдос Сарым.

Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетіне сұрау салғанымызда «блогерлерді» бөліп қарастырмайтынын айтты.

«Комитетте жеке тұлғаларға салық салуды бақылаумен айналысатын жеке департамент бар. Оның шеңберінде бақылау жүргізіледі. Соның ішінде блогерлер. Біз оларды басқа салық төлеушілерден бөлек санатқа бөлмейміз. Егер кірістерді азайтып көрсету фактілері анықталса, біз тиісті шаралар қолданамыз. Салық төлеушіге бұзған заңды өз бетінше жою құқығы берілген камералдық бақылау бар. Егер ондай хабарламалар орындалмаса, салықтық тексеру жүргізілуі мүмкін», делінген комитет жауабында. 

Инфобизнес өкілі Алмас Тоқабаев салық бақылауының күшейтілуіне қарсы емес, бірақ барлығына бірдей күшейтілуге тиіс деген пікірде.

«Бізде салық төлеуден жалтарып жүрген сала көп. Сыбайлас-жемқорлықтың миллиардтап төленбеген салығы бар. Басы сол болса, соңы — таксист, асаба, ақысын аударым арқылы алатын дүкен сияқты ұсақ-түйек кәсіп иелері. Көбі мейлінше салықтан жалтарады. Бірақ заң шығарушылар «осы инфобизнестің қаражаты қандай екен?» деген мәселеге ғана бас ауыртады. Бұл ешқандай ойға жетелемей ме? Меніңше, мұның барлығы бұған дейін бақылауда ұстап келген ақпарат алаңын кейінгі кездегі жылымықтан кейін қайтадан қолға алып, цензура орнатқысы келетін секілді. Әрине, инфобизнесте табыс бар. Дегенмен салықты барлығы бірдей төлеуі керек. Ал қазір басты акцент осы салаға ғана қойылып отыр. Бұрын тәуелсіз журналистер жұмыстан шеттетілсе, үні шықпай қалатын. Қазір әлеуметтік желі пайда болғалы ауыздықтау мәселесі туып отыр. Өзім де осы салада жүрмін. Салық төленеді, келісімшарт жасалады, бәрі заңды. Бірақ билікке жақпайтын дүние айтыла қалса, осы дүрмектің ішінде цензура орнатуы мүмкін секілді. Сондықтан салық бақылауын тек инфобизнеске емес, барлығына бірдей жұмыс істетсе, зайырлы қоғамға бір қадам жақындар едік», деді Алмас Тоқабаев.

Қаржыгер Расул Рысмамбетов пікірін былай білдірді:

«Блогердің бәріне бірдей салық саламыз деудің қажеті жоқ. Курс сатып не басқалай табыс тапқан болса, демек ол кәсіпкерлік қызмет жасап жүр деген сөз. Ал мұндайда заң бар — салық төленуі керек. Ал жай ғана қоғамдағы қызу тақырыптарды жазып жүрген блогер болса, ол үшін неге салық төлейді?»

Егер заңнамаға өзгеріс еніп, арнайы қызмет түрі ретінде «инфлюенсерлік» қосылып, салық жүйесінде де ерекше назарға іліксе, блогерлер ақ қарға болғалы тұр. Табысын жасырып, көлеңкелі жолмен ақша тауып жүрген инфлюенсерлер ендігіде сақ қарға болмаса, жағдайы қиындауы мүмкін.