Арыстанбек Мұхамедиұлы ісі: Үндістанда көрме өткізу кезінде 221 млн теңгені жымқырды деген күдік бар
Астанада бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және өзге де лауазымды тұлғаларға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 22 мамырда өткен сот отырысында сотқа куәгер ретінде бұрынғы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Қазақстанның Үндістандағы елшісі болған Ерлан Әлімбаев қатысты, деп хабарлайды Kursiv.kz тілшісі.
Отырыс барысында Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты Райымқұловадан Ұлттық музей директорының кінәлі екенін дәлелдің бар-жоғын сұрады.
«Сізде Мұхамедиұлының бюджет қаражатын иемденгені туралы дәлел бар ма?», деп сұрады адвокат.
Ақтоты Райымқұлова бұл сұрақ өзіне қойылмауы қажет екенін айтты.
«Менде мұндай ақпарат жоқ. Бұл ақпараттың рас-өтірігін анықтау басқа органның міндеті. Алайда кез келген жоспар мен іс-шараларды жүзеге асыру жауапкершілігі басшыға жүктеледі. Қалғанын сот шешеді», – деді Райымқұлова.
Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты Қазақстанның Үндістандағы елшісі болған Ерлан Әлімбаевқа бірқатар сұрақ қойды.
«Сіз көрме шығынының бір бөлігін Үндістан тарапы көтергенін білесіз бе?» деп сұрады.
«Шын мәнінде білмеймін. Себебі келісімшарт екі елдің Ұлттық музейі арасында жасалған болар. Үндістанның Ұлттық музейі көрме өткізетін ғимаратты тегін негізде берген болуы да мүмкін», – деді Ерлан Әлімбаев.
Адвокаттардың бірі Қазақстанның Үндістандағы елшілігі 2020 жылдың наурызында аса шұғыл түрде мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың атына Үндістандағы көрмені ұйымдастыру туралы жолдаған хатты оқыды.
«2020 жылдың 19 наурыз – 18 сәуір аралығында Үндістанның Ұлттық мұражайында «Алтын адамның әлем мұражайларына шеруі» халықаралық көрмесі жобасы аясында «Ұлы дала. Уақыт. Кеңістік» көрмесін ұйымдастыру жоспарланғаны өзіңізге белгілі. Ашылу рәсімі 18 наурызға жоспарланып, шақыру хаттар жолданып қойған болатын. Алайда коронавирус індетінің кең тарауына байланысты Үндістанның мәдениет министрлігі 17 наурыздан бастап ел ішінде көпшіліктің қатысуымен жоспарланған барлық іс-шараны тоқтату туралы нұсқау бергені белгілі болды. Елдегі көпшілік орындарын, оның ішінде Ұлттық мұражайды уақытша жабу туралы тапсырма келген. Дегенмен алдағы 2-3 аптаның коронавирустың Үндістан үшін шешуші кезеңіне енуіне байланысты, сондай-ақ аталған іс-шараның екіжақты мәдени байланысты тереңдету үшін маңыздылығы және тиісті келісімшартқа қол қойылғанын ескере отырып, Үнді тарапы көрменің барлық экспонаттары мен жабдықтарын Үндістан Ұлттық мұражайында сақтап, жоғарыда көрсетілген көрменің салтанатты ашылуын сәуір айына шегеруді ұсынды. Үндістан Ұлттық мұражайын тиісті өтінішхаты қоса берілген. Көрменің Қазақстан тарихын Үндістанда кеңінен таныстыру үшін ерекше маңызын және үнді қоғамының оған зор қызығушылық танытып отырғанын ескеріп, бұл ұсынысты қолдауды жөн санаймыз. Қарастыруды және қолдауыңызды сұраймын», делінген елші Ерлан Әлімбаевтың Ақтоты Райымқұлованың атына жазған хатында.
Содан кейін адвокат «экспонаттарды Үндістанда қалдыру туралы хат жолдағаныңыз рас па?» деп сұрады.
«Үндістан тарапының өтінішін жібердім. Мұндай хат болды», деді куәгер Ерлан Әлімбаев.
Сотта тағы бір ресми хат оқылды. Ол 2020 жылдың 12 наурызында Қазақстанның Үндістандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Әлімбаевтың атына жолданған. Хатты Қазақстанның Ұлттық музейі жолдаған.
«Қазақстан Ұлттық музейі Қазақстанның Үндістандағы елшілігімен бірлесіп, 18 наурызда Үндістан Ұлттық музейінде «Алтын адамның әлем мұражайларына шеруі» халықаралық көрмесі жобасы аясында «Ұлы дала. Уақыт. Кеңістік» көрмесін жоспарлаған. Алайда Қазақстан Ұлттық музейіне мәдениет және спорт министрлігінен әлемде Covid-19 инфекциясына қатысты қалыптасқан жағдайға байланысты 2020 жылдың жартыжылдығына жоспарланған шетелдік іс-сапарларды тоқтату жөнінде хат келіп түсті. Аталған шараның маңыздылығын және келісімшартқа қол қойылғанын ескеріп, көрме экспонаттары мен жабдықтары Үндістан Ұлттық музейіне жеткізілгенін назарға ала отырып, аталған іс-шараның салтанатты ашылуын қалдыруды жөн деп санаймыз. Сонымен қатар көрмені өткізу уақытын қысқарту туралы шешім қабылданғанын мәлімдейміз. Жалпы көрменің уақыты үш күнді қамтиды және барлық материалдар іс-шара аяқталғаннан кейін Қазақстанға қайтарылады. Орын алған мәселе бойынша түсіністік танытуды сұраймыз», делінген Арыстанбек Мұхамедиұлының жолдаған хатында.
«Сіз осындай хат алдыңыз ба?», деп сұрады адвокат куәгер Ерлан Әлімбаевтан.
Үндістандағы төтенше және өкілетті елшісі болған Ерлан Әлімбаев алдымен Мұамедиұлының хатын алғанын айтып, артынша Ақтоты Райымқұловаға жауап жазғанын жеткізді.
Айта кетейік, Астанада бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.
Тергеу мәліметіне сәйкес, Арыстанбек Мұхамедиұлы 2020 жылы Ұлттық музейді басқарып тұрған кезде «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында «Ұлы дала: кеңістік, уақыт, мәдениет» көрмесін шетелдерде өткізуге қаражат бөлінген. АҚШ, Германия, Италия, Индонезия, Литвада халықаралық көрмелер өткізуге шамамен 1,27 млрд теңге бюджет сомасы бекітілген.
2020 жылдың қаңтарында аталған елдер ұсыныстан бас тартқан. Алайда Мұхамедиұлы көрме өткізетін елдерді өзгерту жөнінде шаралар қабылдаған. Ол үшін 2020 жылдың 13 қаңтарында Ұлттық музейден Қазақстанның Үндістандағы елшісіне Үндістанның Ұлттық музейінде көрме өткізуге жәрдемдесу туралы хат жолдаған.
Прокурор Еркеғали Зәкіров қылмыстық топ құрамында Арыстанбек Мұхамедиұлының Үндістандағы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу кезінде 221 млн теңгені жымқырғанын айтты.