Сауда вице-министрі Ресейге тасымалданған дрондарға қатысты: менде ешқандай ақпарат жоқ

Жарияланды

Фото: kursiv.mediа

Әскери мақсатқа пайдаланылатын дрондардың Қазақстан арқылы Ресеге тасымалдануына қатысты Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев журналистер сауалына нақты жауап бере алмады деп жазады Lsm.kz.

«Бұл қызықты ақпарат, бірақ оны Қаржы министрлігіне жолдау керек. Өйткені, экспорт пен импорт жасайтын кәсіпорындарды тіркейтін солар. Менде ешқандай ақпарат жоқ. Ал біздің тарапымыздан, компаниялар абайсызда заңды шектеулерді бұзбауы үшін, санкциялар пакетін толығымен қазақ және орыс тілдеріне аударып, сайтқа салып қойдық», деді вице-министр.

Бұған дейін БАҚ-да Ресейдің тәуелсіз журналистері Ресейге Қазақстан арқылы тасымалданатын соғысқа қатысы бар электрондық тауарлар тізбегін және оны кімнің, қандай көлемде тасымалдайтынын анықтағаны жарияланған еді.

«Батыстың санкцияларына қарамастан, Ресей әскерилері Украинаға қарсы пайдаланатын дрондар мен басқа да электроника түрлерін Қазақстан арқылы алып жүр» деп жазады «Важные истории» зертеушілері.

Басылым Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін Қазақстанға дрондар мен микроэлектроника тауарларының тасымалы күрт артқанын анықтады.

2021 жылы Қазақстанға дрондардың аз әкелінгені сонша, олар еліміздің Ұлттық статистикалық бюросының деректеріне де кірмеген. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш күрт өсіп, импорт көлемі бірден бес миллион долларға артқан. Бұл тауарлар түгелдей Қытайдан сатып алынған. Солайша 2022 жылы Қазақстан Ресейге 1,23 миллион долларға жуық дрон экспорттаған.

Ал бұл тауарларды тасымалдайтын делдал компаниялар Қазақстанда соғыс басталғаннан кейін тіркелген әрі ресейлік азаматтарға тиесілі екені анықталды. Мәселен, қазақстандық «Аспан Арба» компаниясы ресейлік «Аспан механикасы» компаниясына дрондар жеткізумен айналысады. «Аспан механикасы» өз кезегінде дрондарды әскери салаға қатысы бар ұйымдарға сатады. Журналистер екі елдегі компанияның артында бір адамның тұрғанын анықтаған. Екі компанияның да иесі Илья Голберг деген азамат. «Аспан арба» 2022 жылы Ресейге 500 дрон жеткізіп берген.

2021 жылы Қазақстан 35 миллион доллар тұратын микрочиптерді (мұндай құрамдас бөліктер зымырандар мен саперлерді жабдықтау үшін пайдаланылады) импорттаған. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 75 миллион долларға көтерілді.

Бұл орайда қазақстандық «Da Group 22» компаниясының орны ерекше. Ол Германиядан микрочип кіргізіп, Қазақстан арқылы Ресейге жеткізіп отырған. Зерттеу деректері бойынша, 2023 жылдың қаңтарында ресейлік компания қазақстандық «Da Group 22» компаниясынан 2598 микрочип сатып алған. Дәл сол айда «Da Group 22» компаниясы «Elix-St» атты неміс компаниясынан тағы да сол мөлшерде микрочипке тапсырыс берген.

Германия мен Қазақстандағы бұл компания да ресейлік отбасыға тиесілі екен. Германиядағы компанияның ортақ иелері – ерлі-зайыптылар Евгений мен Елена Чернет. Ал 2022 жылдың наурыз айында тіркелген қазақстандық компанияға олардың ұлы Александр Чернет иелік етеді. Зерттеулерге сенсек, Ресейдің Украинаға басқыншылығына дейін бұл компания Қазақстанға ештеңе экспорттамаған. Бірақ соғысқа дейін Ресеймен жақсы байланыста болған. Санкция салынған соң, бұл компания шектеулерді Қазақстан арқылы айналып өткен көрінеді.

Сондай-ақ оқыңыз