G7 саммиті Қытайға ұнамады
Фото: kursiv.media
Жапонияның Хиросима қаласында «Үлкен жетіліктің» кездесуі өтті. Кездесуде Украинаны қолдау жалғаса түсетіні, ал Ресейге қатысты қысым артатыны мәлім болды. Алайда бұл кездесу Қытайға ұнамады.
Санкция күшейеді, Укаринаға көмек жалғасады
Ұлыбритания енгізген санкцияларға қосымша, G7 елдері де Ресейге бағытталған қысымды көбейтуге келісті. Атап айтқанда, ЕуроОдақ Ресей алмаздарымен есеп айырысуға шектеу қойды. Сонымен бірге осы елдердегі Ресей активтері соғыс аяқталмайынша бұғаттан шығарылмайтыны айтылды.
«Біз ЕуроОдақпен бірге Украинаға көбірек қару-жарақ, көп оқ-дәрі беруді және оны тездетіп жеткізу мәселесін қарастырып жатырмыз. Бұл өте маңызды. Біз әрдайым Украина жағында боламыз және соңына дейін осы ұстанымнан таймаймыз», деді Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишель.
Хиросимаға Украина Президенті Зеленский де келіп, одақтастарымен екі жақты кездесу өткізіп, өз еліне көмек көрсетуді жалғастырғаны үшін алғысын білдірді. Қатысушылар тек Ресей басқыншылығы қарсы күресте ғана емес, сонымен бірге Украинаның энергетикалық инфрақұрылымын қалпына келтіруге көмектесетінін жеткізді. Қару-жарақпен қоса гуманитарлық көмек те уақтылы жеткізіліп тұратынын және соғыс салдарынан ластанған қоршаған ортаның тазалығын сақтауға көмектесуге уәде берді.
«Үлкен жетіліктің» кездесуін Бейжің сынға алды
Ал әлемдік көбасшылар Қытай тарапын Ресейге қысым көрсетіп, соғысты тоқтатуға ықпал етуге шақырды. Сонымен бірге «үлкен жетілік» Үнді-Тынық мұхиты және Тайваньға қатысты Бейжіңнің ұстанымын сынға алды.
Алайда G7 үшін бұл мәселеде тепе-теңдікті сақтау қиын боп тұр. Өйткені бұл елдердің экономикасы Қытаймен тығыз байланысты. Бірақ соңғы жылдары Бейжіңмен бәсекелстік күшейе түскен және көптеген мәселелерде, пікірлері мен көзқарастары келіспей жүр. Әсіресе, адам құқықтарына келгенде қарама-қайшылық көп.
Оның үстіне соңғы жылдары Бейжіңнің экономикалық шешімдер қабылдауда батыл қадамдарға бара бастағаны Батысты алаңдатады. Яғни, Қытай өзіне ұнамайтын елдерге сауда санкцияларын салудан қорықпайды. Мәселен, Тайваньда өз елшілігін ашқан Балтық елдерінің шешімін ұнатпаған Қытай, Литваға санкция салып, экспортқа тыйым салған.
G7 – көпжақты экспорттық бақылауды қатайтуға қатысты шешімі де Қытайға ұнай қоймайды. Өйткені бұл елдер озық технологиялардың, әсіресе, әскери және барлау мақсаттарында қолданылатын технологиялардың «зиянды субъектілердің» қолына түспеуін қадағалауды күшейту мақсатында мұндай өнімдерін экспорттауға тыйым салды. Бұл орайда Америка бірінші болып чиптер мен онымен байланысты технологияларды экспорттауға шектеу қойып отыр. Оған Жапония мен Нидерланды қосылды. Бұл шешімнің Бейжіңге ұнамайтынына қарамастан, G7 көшбасшылары Қытаймен байланысын үзбейтінін жеткізді.
Ал сенбі күні Қытай тарапы G7 кезесуін сынға алып, «негізсіз жала жабылды» деп бағалап, саммитті ұйымдастырған Жапонияға шағым түсірді.