Costco, Nvidia және Zoom осы аптаның ішінде қаржы нәтижелерін бөліспек. Инвесторлардың назары АҚШ-тың экономикалық талдау бюросы (BEA) Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) өсіміне берген бағасында, Федералдық сақтық қор жүйесі мәжілісінің хаттамасында және инфляция туралы ақпаратта болмақ. Бұл туралы Barron’s хабарлайды.
Мамырдың 22-сі, дүйсенбі күні тоқсандық нәтижелерін Zoom Video Communications жарияламақ. Инвестор күнін JPMorgan Chase өткізеді.
24 мамыр, сәрсенбі күні, микрочип өндіруші Nvidia тоқсандық нәтижесін жариялайды. Компания құнды қағаздарының бағасы осы жылдан бастап 114%-ға ұлғайды. Сонымен қатар, осы күні Федералдық сақтық қор жүйесі мәжілісінің хаттамасы шығады.
Мамырдың 25-сі, бейсенбі күні Costco Wholesale, Dollar Tree, Canadian Imperial Bank of Commerce, Royal Bank of Canada және Toronto-Dominion Bank қаржы нәтижелері белгілі болмақ. Бұл күні экономикалық талдау бюросы Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) өсімі бойынша ақпарат бермек. АҚШ экономикасы 1,1%-ға өсті деп сарапшылар болжауда.
26 мамыр, жұма күні, АҚШ-тың экономикалық талдау бюросы шығындар мен кірістер бойынша ақпарат бермек. Бұл көрсеткіштер айлық есеппен алғанда 0,4%-ға өсті деп сарапшылар ойлайды.