Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасарлары сот үкіміне аппеляциялық шағым түсірді

Жарияланды
Масимов

Қаңтар оқиғасынан кейін, мемлекетке опасыздық жасады деп айыпталып, 18 жылға бас бостандығынан айырылған ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасарлары сот үкіміне қатысты аппеляциялық шағым түсірді. Бұл туралы «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған аудан аралық сотынан хабарлаған.

«ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, бұл іс бойынша процесске қатысушылар аппеляциялық шағым түсірді», деп хабарлады соттан.

Бұл «өте құпия» іс ретінде қарастырылғандықтан, өзге ақпарат жариялауға жатпайтыны хабарланды.

24 сәуір күні Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Кәрім Мәсімовке (ҚР ҰҚК бұрынғы төрағасы), А.Садықұловқа, Д.Ерғожинге, М.Осиповқа (ҚР ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасарлары) қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарылған болатын.

Сот шешімі бойынша, Кәрім Мәсімов ҚК-нің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды, жазаны ішінара қосу арқылы 18 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

А.Садықұлов ҚК – нің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды, жазаны ішінара қосу арқылы 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.

Д.Ерғожин ҚК-нің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды, жазаны ішінара қосу арқылы 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.

М.Осипов Қылмыстық кодекстің 362 – бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

К.Мәсімов, А.Садықұлов, Д.Ерғожин және М.Осипов генерал атақтарынан және мемлекеттік наградалардан айырылды. Мемлекет кірісіне 10 млрд теңгеден астам қаржы мен 24 млн АҚШ доллары өндірілген еді.

Сондай-ақ оқыңыз