Моноқалаларды дамытуға жыл сайын бөлінетін 10 млрд теңге жеткіліксіз

Жарияланды

Фото: total.kz

Экономикалық зерттеулер институтында «Еліміздің моноқалаларындағы инфрақұрылым жағдайы» тақырыбында арнайы жиын өтті. Іс-шараның мақсаты – Риддер және Екібастұз қалаларының мысалында жүйелі инфрақұрылымдық проблемаларды шешу жолдарын іздеу. Жиынға Екібастұз, Риддер қалалары әкімдіктерінің және басқалардың өкілдері, орталық мемлекеттік органдар мен өзге де мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, былтырғы желтоқсаннан бері қазірге дейін 50 км жылу желісі жөндеуден өткізілген. Жалпы 60 км жылу желісін жөндеу жоспары бар. Бұл қаладағы жалпы жылу желісінің (422 км) 10 пайызы болып саналады. Жылу маусымы басталған сәтте қаладағы жылу желілерінің тозу көрсеткіші 90 пайыз болған екен. Бұл жалпы барлық моноқала ескеретін жағдай. Былтыр Екібастұзда болған сорақы ахуал биыл да кез келген қалада қайталануы бек ықтимал.

Ұлттық экономика министрлігі Өңірлік даму департаменті директорының орынбасары Нұрлан Құдияровтың сөзінше, моноқалалардағы инфрақұрылым жағдайының жақсаруына бюджет және бюджеттен тыс көздерден қаржыландыруға ие «Моноқалаларды кешенді дамыту жоспары» ықпал етпек. Оның айтуынша, қазір Алтай, Арқалық, Балқаш, Жаңатас, Жітіқара, Қаратау, Лисаковск, Риддер, Серебрянск және Степногорск секілді моноқалаларды дамыту бойынша 10 кешенді жоспар келісу кезеңінде тұр.

«Сонымен қатар моно және шағын қалалардағы инфрақұрылымды модернизациялауға қажетті қаржыландыруды жыл сайын ұлғайту мәселесі қарастырылып отыр. Қазір жыл сайын 10 млрд теңге бөлінеді. Бұл тиісті қажеттілікті жаба алмайды», деді министрлік өкілі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі табиғи монополияны реттеу комитетінің хабарлауынша, қазір барлық өңір өзінің коммуналдық шаруашылығын техникалық тексеруден өткізеді. Егер желілердің тозу деңгейі 75 пайыздан асып кетсе, онда басым негізде бюджеттен қаржыландыру жасалады.

Қазір елімізде 27 моноқала (онда 1,4 млн адам тұрады), 32 қала қалыптастырушы кәсіпорын бар. Бұл еліміздің өнеркәсіптік өндірісінің 29 пайызы.

Сарапшы Әйгерім Аманжолованың айтуынша, моноқалалардың өнеркәсібі Қазақстан экономикасының негізі болып есептеледі, сондықтан моноқалаларды елдің өнеркәсіптік зәкірі деп атауға болады.

«Моноқалалар – елдің аумақтық-өндірістік кешенінің стратегиялық маңызды байланыстырушы компоненттері, сондай-ақ барлық салалардағы қоғамдық өмірдің маңызды өңірлік орталықтары. Көптеген инфрақұрылымдық және инновациялық жобаларды іске асыру жөніндегі үкіметтік жоспарлар моноқалалармен байланысты. Қазақстан өңірлерінің инновациялық дамуы негізінен моноқалалардың дәстүрлі «қала-кәсіпорындардан» қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті «кәсіпкер-қалаларға» айналуына байланысты. Моноқалалар нарықтық экономика жағдайында ресурстарды кеңістіктік үйлестірудің символына айналды. Мақсат минималды шығындармен, сондай-ақ климаттық жағдайлары қатал елдің қол жетпейтін аймақтарында табиғи байлықты игерумен тез нәтижеге қол жеткізу болды. Дәл осы факторлар бір құрылымды қалалардың құрылуына әкелді және еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету мақсатында игеру объектісіне тікелей жақын қалалар құру қажеттілігі туындады», дейді.

Оның сөзінше, қазір адамзаттың болашағы толығымен қалалардың дамуына және олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін зерттеуге байланысты екендігі даусыз болып отыр. Бұл қызығушылық бірқатар жағдайларға байланысты.

Біріншіден, қала – өндірістік, қаржылық, адами, ақпараттық ағындардың орны және инновациялық даму орталығы.

Екіншіден, қалалар экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени процестерді дамыту орталықтары болып саналады.

Үшіншіден, мемлекеттің тұрақты дамуы – қалалардың тұрақты дамуынсыз мүмкін емес.

Институт ұсынған дерек бойынша 2015-2021 жылдар аралығындағы моноқалалардағы әлеуметтік-экономикалық жағдай мынадай:

  • Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 6,3 трлн теңгеден 11,2 трлн теңгеге дейін өскен. Бұл – елдегі жалпы өнеркәсіптік өндірістің 29 пайызы.
  • Негізгі капиталға салынған инвестиция 1,5-тен 1,3 трлн теңгеге дейін төмендеген.
  • Жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 79,3 мыңнан 88 мыңға дейін өскен.
  • ШОБ-тың жалпы өнімі 280,6-дан 602,6 млрд теңгеге дейін артқан.
  • Моноқалалардағы халық саны 1 447,5 мыңнан 1 411 мың адамға (2,5 пайызға) қысқарған.
Сондай-ақ оқыңыз