Қазақстан мен Сингапур қызметтер саудасы мен инвестициялар туралы келісімге қол қойды

Жарияланды

Сингапур Президенті Халима Якобтың Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында маңызды 4 келісімге қол қойылды. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Халима Якоб келіссөз жүргізіп, тараптар Қазақстан мен Сингапур қатынастарының қазіргі жай-күйі мен перспективасын жан-жақты талқылаған.

«Сингапур Президентінің Орталық Азия елдерінің арасында ең әуелі Қазақстанға келуі – біз үшін зор мәртебе. Сіздің Қазақстанға сапарыңыз – тарихи оқиға. Бұл сапар біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенімдімін. Қазақстан Сингапурмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсуге ниетті», деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Халима Якоб бұл Қазақстанға, жалпы Орталық Азияға алғашқы сапары екені айтты.

«Сондықтан бұл – өте маңызды сапар. Қазақстан – біз үшін Орталық Азия аймағындағы аса маңызды серіктес. … Бізді тығыз қарым-қатынасымыз ғана емес, ашықтық және тәртіп секілді қағидаттарға беріктігіміз де байланыстырады. Бұл – Қазақстан үшін де, біз үшін де маңызды», деді Сингапур Президенті.

Келіссөз нәтижесінде 4 құжатқа қол қойылған.

Біріншіден, Қазақстан Республикасы мен Сингапур Республикасы арасындағы қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісім жасалды.

Екінші маңызды құжат – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Орталық Азия елдері (С5) мемлекеттік қызметшілері үшін әлеуетті арттыру бағдарламасы шеңберіндегі ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.

Сонымен қатар, қос тарап «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен «Enterprise Singapore» арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге келді.

Төртіншіден, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен «Enterprise Singapore» арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум жасалды.

Бұған дейін Сингапур Республикасының Президенті Халима Якобты Қазақстанға ресми сапары салтанатты түрде қарсы алу рәсімімен басталған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз