Қытайда коронавирустың жаңа толқыны басталуы мүмкін
Маусым айының соңына қарай Қытайда COVID-19-дың жаңа толқыны басталып, аптасына шамамен 65 миллион адам инфекция жұқтыруы мүмкін. Елде XBB штаммына қарсы вакцина енгізілмек.
«XBB салдарынан сәуір айынан бері Қытайда инфекция жұқтырғандар көбейгені байқалды. Мамыр айының соңына қарай аптасына 40 миллион кісі инфекция жұқтырса, ал маусымда бұл көрсеткіш 65 миллионға жетеді», – деп хабарлайды жергілікті Paper басылымы.
Бұл туралы респираторлық аурулар жөніндегі маман Чжун Наншанның биотехнологиялық конференциядағы баяндамасына айтылған.
Қытай сонымен қатар ХВВ-ға қарсы жаңа вакцина шығаруға дайындалып жатыр. Чжун Наншан екі дәріге алдын ала рұқсат берілгенін айтты.
Қытай билігі 2020 жылдан бері COVID-19-ға қарсы қатаң шаралар қолданып, науқастармен байланыста болғандарды оқшаулап, міндетті карантин енгізді. Қытай былтыр желтоқсан айының басында қарашадағы үлкен наразылықтардан кейін ғана, коронавируске қарсы шараларды жеңілдету ниетін жариялады. Ал наурыз айында шетелдіктерге визаның барлық түрін беруді қайта бастады.