Туыстарына ескерту үшін кәсіби құмар ойыншыларды заңдастыру керек – сарапшы
Құмар ойындарға тәуелділікке қатысты Қазақстанда ешқандай статистика жүргізілмейді. Сондықтан Алматыда құмар ойындарға тәуелділік мәселесін зерттеу басталады. Бұл туралы Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Хақ Назар» қорының төрағасы Нұржан Жақыпов мәлім етті.
Оның айтуынша, зерттеу жыл соңына дейін аяқтаталмақ.
«Онда елдегі лудомандар санын, олардың психотипін, ең бастысы аурудың себептерін көргіміз келеді. Бізде бұл мәселені шешудің нақты жолдары, соған сәйкес ұсыныстар да бар», – деп атап өтті спикер.
Қоғам белсендісінің айтуынша, құмар ойындарға тәуелділік әлеуметтік қана емес, экономикалық салдары да бар мәселе. Оның зардабы көп жағдайда лудомандардың жақындарына тиеді. Мысалы, ата-анасы, жұбайы, туыстары қарызды жабу үшін несие алады.
«Бізде орташа қарыз туралы ақпарат жоқ. Қазір құмар ойындардың елдің экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатына қаншалықты нұқсан келтіретіні туралы нақты ақпарат жоқ. Сонымен қатар, құмар ойындарға тәуелділік емі жоқ ауру екенін атап өткім келеді. Бұл отбасылық экожүйенің ауруы. Біз не ұсынамыз? Қазақстанда букмекерлік кеңселер қауымдастығы бар делік. Әрбір букмекерлік кеңседе ойыншылар туралы мәліметтер базасы бар: ол қанша ақша салды, қанша жоғалтты және т.б. Белгілі бір соманы алайық, үш орташа жалақы, мысалы, 700 мың теңге делік. Егер адам 700 мың теңгеге ұтылатын болса, онда біздің ойымызша, букмекерлік кеңсе отбасы мүшелеріне бұл туралы хабарлап, қарсы еместігіне көз жеткізіп, олардың рұқсатын нотариалды түрде куәландыруы тиіс», – деді Н Жакупов.
Бұл ретте қоғамдық белсенділер көптеген елде тараған «салауатты құмар ойындар» тәжірибесін және құмар ойындарға бейім емес кәсіби ойыншыларды тіркеуді де ұсынады.
«Екіншіден, кәсіби ойыншы ұғымын енгізу. Әлемде мұндай тәжірибе бар, сол арқылы күн көретін адамдар бар. Бұл кәсіби ойыншылар. Біз мұндай адамдарды Қазақстанда кәсіби ойыншы ретінде тіркеуді ұсынамыз. Бірақ біз салық салу және т.б. туралы айтып отырған жоқпыз, бұл тек әлеуметтік салаға қатысты, туыстары, достары, әйелдері мен балалары мұндай тәуелділіктен хабардар болуы керек», – деп атап өтті спикер.
Маман оңалту мәселесі де күрделі екенін атап өтті. Емдеудің көп бөлігін жеке орталықтар жүзеге асырады, онда халықтың басым бөлігі үшін баға өте жоғары. Сондай-ақ, сарапшының сөзінше құмар ойындарға тәуелді мінез-құлық формалары бала бес-алты жаста болғанында қалыптасады, осыған байланысты ата-аналарды осы уақытта балалардың мінез-құлқына ерекше назар аударуға шақырды.