Whatsapp-қа иелік ететін Meta компаниясына 1,3 млрд доллар айыппұл салынды
Фото: kursiv.media
Meta компаниясына ЕуроОдақ тұтынушылары туралы ақпаратты АҚШ-қа тасымалдағаны үшін рекордық көлемде айыппұл салынды. Айыппұл көлемі 1,3 миллиард долларды құрайды, деп жазады Ведомости басылымы The Wall Street Journal басылымына сілтеме жасап.
Бұл сот ісіне Австрияда тұтынушылардың құпиялылығы үшін күресіп жүрген қоғам белсендісі Макс Шремстің шағымы негіз болған. Ол өз зерттеулерінде ЕуроОдақ азаматтарының деректерін АҚШ-қа беру пайдаланушыларды Америка бақылауынан қорғамайтынын айтқан. Ал Ирландияның Деректерді қорғау жөніндегі комиссиясы (DPC) Metaның «Деректерді қорғаудың жалпы ережесін» бұзғанын мәлімдеді.
Комиссия Меtаға «бес ай бойы Америка Құрама Штаттарына жеке деректерді беруді тоқтатуды» міндеттеді. Алайда Меtа комиссия шешімімен келіспейді.
«Біз бұл шешімдерге апелляциялық шағым түсіріп жатырмыз және істі тоқтатату үшін сотқа жүгінеміз», деп жауап берген Метаның жаһандық істер жөніндегі президенті Ник Клегг.
Бұл – «Деректерді қорғаудың жалпы ережесін» бұзғаны үшін салынған ең үлкен көлемдегі айыппұл. Бұған дейін дәл осы ережені бұзғаны үшін Amazon компаниясы – 746 млн евро айыппұл төлеген.