МӘМС жүйесіне шетелдіктер мен олардың отбасы да кіреді
Фото: kursiv.media
Қазақстанға уақытша тұруға келген шетелдіктер енді МӘМС жүйесіне есепке алынады. Бұл жайлы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сілтеме жасай отырып, «Юрист» құқықтық платформасы хабарлады.
Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттың талаптарына сәйкес «Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын шетелдіктер мен олардың отбасы мүшелерінің» санатына жататын тұтынушылардың есебін жүргізу тәртібі туралы ережеге жаңа тарау енгізілді.
Шетелдіктердің тізімі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Шетелдік еңбек» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің, Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясының ақпараттық жүйесінің деректері негізінде жасалады.
Бұл өзгерістер 2023 жылдың 2 маусымынан бастап қолданысқа енеді.
Бұрын елде тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктер ғана МӘМС жарналарын төлей алатын, ал тұруға ықтиярхаты жоқ адамдарға шұғыл және жоспарлы медициналық көмек алу үшін ерікті медициналық сақтандыру полисін сатып алу ұсынылатын.
Бұл ретте еңбек шарты бойынша жарна төлейтін ЕАЭО елдерінің еңбек мигранттары МӘМС жүйесін пайдалана алады.
Мамыр айының басынан бері Қазақстанда шетелдіктермен медициналық сақтандырусыз еңбек шартын жасасуға тыйым салынды. Алайда бұл шектеу ЕАЭО-ға кіретін елдердің азаматтарына қатысты қолданылмайды.
2023 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша Қазақстанда 14 417 еңбек мигранты бар.
Ал осы жылдың басынан наурызға дейін Алматыға 21 805 шетелдік келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге артық.
Осыдан біраз уақыт бұрын депутат Асхат Рақымжанов бір жыл ішінде емханаға бармаған адамның МӘМС төлемін қайтару керектігін айтып, сауал жолдаған.
Депутаттың бұл сауалына Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният: «заңда қарастырылмаған» деп жауап берсе, Медициналық сақтандыру қоры МӘМС жарнасын қайтару халықаралық тәжірибеде жоқ екенін мәлімдеді.