Фото: kursiv.media
Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы биыл маусым айында пайдалануға беріледі. 66 шақырым жол ақылы болады. Бұл туралы ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті Төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр хабарлады.
6 жолақты I-А санатты ақылы автомобиль трассасында сағатына 120 шақырыммен жүруге рұқсат етіледі.
«ҮАААЖ-да ашық ақы алу жүйесі қарастырылған. Яғни, бұл жүйе айналма жолдан шығар кезде және кіреберісіне шлагбаум қоюды қажет етпейді», деді ол.
Жеңіл көліктерге жол ақысы қанша шақырым жүргеніне қарамастан, сағатына 240 теңге болып белгіленбек. Ал жүк көліктерінің салмағына байланысты тарифтері де әртүрлі.
Айналма жол кесіп өтетін Қарасай, Іле және Талғар аудандарында тіркелген автокөлік иелері үшін абоненттік төлем қарастырылған. Жеңіл көлік үшін айлық абономент құны 1725 теңге болса, жылдық абоненттік төлем 20 700 теңгені құрайды. Ал жүк көліктерінің салмағына қарай абоненттік төлемі де әртүрлі болады.
Үлкен Алматы айналма автомобиль жобасы концессия механизміне сәйкес жүзеге асыралып жатыр. Бұл – бір Тарап екінші Тарапқа объектіні пайдалану немесе салу құқығын беретін келісім.
Концессионер – «ҮАААЖ Инвестициялар және операциялар» ЖШС. Компания құрылтайшысы – «Алсим Аларко-Макйол – СК Экоплант – Корея Экспрессвэй» түрік – корей консорциумы.
Айналма жол қаладағы кептелісті азайтып, жолға кететін уақытты қысқартып, оған қоса қала экологиясына да оң әсер етуі тиіс.
«БАКАД Инвестиции и Операции» ЖШС-нің пайдалану және техникалық қызмет көрсету бөлімінің басшысы Нұрланбек Өмірбаев ҮАААЖ құрылысында асфальтобетон төсеу заманауи технологиялары мен әдістері қолданылатынын атап өтті. Құрылысы сапасы үнемі бақылауда, оның ішінде материалдарды іріктеу, жолдың негізін дайындау және асфальтобетон төсеу кіреді.
БАКАД жобасын іске асыру мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 2018 жылы бастау алған. Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы екі жылдан соң қолға алынып, ол 2022 жылы аяқталуы тиіс еді.
Айта кету керек, айналма жол Қаскелең маңындағы Қырғауылды ауылынан басталып, Талғар жанындағы Қызылқайрат ауылында аяқталады. Аталған тас жол Алматы облысының Қарасай, Іле және Талғар аудандарындағы 14 елдімекен арқылы өтетін болады. Автожол Батыс Қытай – Батыс Еуропа транзиттік дәлізінің негізгі буыны болуы тиіс.
ҮАААЖ – Қазақстан мен Орталық Азиядағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қолға алынған ірі инфрақұрылымдық жоба. Құрылыс-монтаж жұмыстарының құны 150 млрд теңгені құрайды. Жобаны Еуропа қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі, Еуразия даму банкі қаржыландырады.