Мұхамедиұлының адвокаты: БАҚ тарапынан экс-министрге буллинг жасалып жатыр
Астанада бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот процесі өтіп жатыр. 23 мамырда өткен сот отырысында айыпталушының адвокаты Айгерім Әнуарбек сот отырысына онлайн қатысушыларды тексеруді сұрады, деп хабарлайды Kursiv.kz тілшісі.
Айтуынша, сотқа ZOOM арқылы қосылғандардың арасында аты-жөні көрсетілмеген адамдар бар.
«Сот процесі бір айдан аса уақыттан бері өтіп жатыр. Сот залында да белгісіз адамдардың отырғанын көреміз. Сот бізге кімнің қатысып отырғанын айтпайды, ескертпейді. Кімнің кім екені белгісіз. БАҚ өкілдерімен қатар Антикордың адамдары отырған шығар», – деді адвокат.
Адвокат судьядан сот процесіне қатысып жатқан адамдарды тексеруді сұрады. Сондай-ақ судьяның сот процесі кезінде тәртіпті толық қамтамасыз етпей отырғанын айтып өтті. Айтуынша, қылмыстық істі қарау бойынша соттың объективтілігіне, бейтараптығына күмән пайда болған.
«Соттан сот процесі кезінде тәртіпті толық қамтамасыз етуді талап етеміз. Себебі Мұхамедиұлы мен оның қорғаушыларына бұқаралық ақпарат құралдары және қылмыстық іс процесіне қатысушылар тарапынан буллинг жасалып жатыр. Яғни, қазір бізге қысым көрсетіліп жатыр. Мұхамедиұлы мен оның отбасына қысым жасалып жатыр. Оның да, балаларының ешқандай кінәсі жоқ», – деді адвокат.
Айта кетейік, істі Байқоңыр ауданы сотының судьясы Бағлан Ыдырысов қарап жатыр. Судья адвокаттан нақты қандай тәртіп сақталмай отырғанын нақтылауды сұрады.
«БАҚ өкілдері аты-жөні мен қай редакцияда жұмыс істейтінін көрсетуі қажет, ал іс бойынша айыпталушылардың туыстары аты-жөнін толық көрсетсін. Прокурордың адвокат сотқа өтініш айтқан кезде күліп отырғанына назар аударуды сұраймын. Мен неге осылай күлмеймін? Сот мұны байқамайды және ескерту жасамай отыр. Бұл – сотқа және сот процесіне қатысушыларды құрметтемеу», – деп жауап берді Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты.
Ал іс бойынша мемлекеттік айыптаушы адвокаттың сөзін «бассыздық» деп бағалады.
Судья Бағлан Ыдырысов қатысушыларға ескерту жасап, ешкімнің жеке басына өтпеуді сұрады. Сондай-ақ сот процесс басталған кезде БАҚ өкілдерінің сотқа қатысатыны туралы хабар берілгенін, Мұхамедиұлы мен оның адвокаттары журналистердің сотқа қатысуына рұқсат бергенін еске салды.
Іс материалдарына сәйкес, 2020 жылы Ұлттық музейге «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында өткізілетін «Ұлы дала: кеңістік, уақыт, мәдениет» көрмесін өткізуге қаражат бөлінді. Сол кезде Мұхамедиұлы АҚШ, Германия, Италия, Индонезия, Литвада халықаралық көрмелер өткізуге шамамен 1,27 млрд теңге бюджет сомасы бекітілгенін білген.
Алайда аталған елдердегі ұлттық музейлермен келіссөздер барысында түрлі себеппен бір мәмілеге келе алмаған, ол елдер 2020 жылдың қаңтарында көрме өткізуден бас тартқан. Алайда Мұхамедиұлы мұнымен тоқтамай, елдерді өзгерту жөнінде шаралар қабылдаған.
Тергеудің хабарлауынша, «Даму» аудиторлық компаниясы ЖШС-ның 2022 жылдың 27 шілдедегі есебіне сәйкес, «Экспонат» ЖШС қызмет көрсетуді және тауарды жөнелтуді іс жүзінде орындамай, 221 млн 411 мың 730 теңге сомасында қызмет «атқарған».
Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді.